Сейсмикалық белсенді аймақтың тұрғындары жойқын жер сілкісіні болса, ғимараттар төтеп бере ала ма деп алаңдаулы.
Алматыдағы үй қорының төрттен бірі 70 жылдарға дейін салынған. Қалада күшті жер сілкінісі болған жағдайда ғимараттар қаншалықты төтеп бере алатына мониторинг жүргізілмейді. Яғни, тұрғын үйлердің қазіргі жағдайы қандай екенін және жер асты дүмпуі болса, үйлердің қабырғалары мен іргетастары қаншалықты шыдас беретінін ешкім білмейді. Тек 2017-2018 жылдары паспортизация кезінде бар болғаны 11 мың үйге сынақ жүргізіліпті. Ол кезде әлеуметтік нысандар мен кеңес кезінде салынған тұрғын үйлер тексеруден өткен. Олардың үштен бірі дүмпуге төтеп бере алмаған.
"Өкінішке орай, 11 мың тексерілген нысанның, 30-35 пайызы сейсмикалық жағынан қауіпті боп саналады. Хрущевкалар бұзылып, қайта салынуы керек", дейді "ҚазҚСҒЗИ" АҚ бас директоры Бегман Көлбаев.
Алматы билігі сараптама және техникалық зерттеудің сапасын арттыруы керек. "Индустриалды құрылыс" атты халықаралық конференцияға жиналған сарапшылар осындай кеңес берді. Айтуларынша, әрбір салынып жатқан үйдің өз құжаты болуы тиіс. Өкінішке орай, техникалық зерттеумен жеке компаниялар айналысады. Оның сапасы да күмәнді. Мамандар құрылыс компанияларын жаңа технологиялардан қалыс қалмауға шақырды.
"Біздің елімізде жер сілкінісі болғаны өте өкінішті. Қазақстан да Түркия секілді сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сол себепті, Қазақстан жаңа технологияларды қолданысқа енгізу жағына көп көңіл бөлуі керек. Құрылыста жапондық конструкциялық технологияларды қолдануға кеңес береміз", дейді Құрылысшы-инженер (Түркия) Бирол Дойранли.
Төтенше жағдай департаменті былтыр 3,5 мыңнан астам сейсмикалық жаттығу өткізген. Қауіпсіздік сапында 3,5 мың адам құтқарушы, 4 мың техника бар. Уақытша көмек көрсететін 384 пункт дайын тұр. Мұндай нүктелерді 2гис қосымшасы арқылы алдын ала қарап, есте ұстау керек. Сондай-ақ, қауіпсіздік ережесін тағы бір қайталаудың артығы болмайды.
"Жер сілкінісі кезінде тыныштық сақтап, лифті қолданбаңыз. Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз", дейді Алматы қаласы Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ануар Юсупов.
Сейсмология институтының дерегінше, соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында сейсмикалық аспаптар арқылы 40 мыңға жуық дүмпу тіркелген. Былтыр 2022 жылы 6900 жер сілкінісі болған. Институт 200 параметр бойынша болжамдар жасайды. Ең соңғы болжамына сүйенсек, биыл Алматы аумағында 7 балдан жоғары жойқын жер сілкінісі болмауы мүмкін. Дегенмен, апат айтып келмейтінін ұмытайық.