Алматының Қайрат ықшам ауданында 300-ге жуық үй сүрілуі мүмкін

303

Алматы ұлғайған сайын бас жоспарға да өзгерістер енгізіліп жатыр.

Алматының Қайрат ықшам ауданында 300-ге жуық үй сүрілуі мүмкін Фото: Әкімдік

Алматының "Қайрат" ықшам ауданында 300-ге жуық үй сүрілуі мүмкін. Осылай деген тұрғындар бір-ақ күнде бар жиған-тергенімізден айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. 

Мұндағы халықтың біршамасының үй құжаттары түгел.  Ал енді жасату үшін қала әкімдігіне барғандары үйлерінің қызыл сызықта тұрғанын білген.  Оған Алматының биыл ғана қабылданған бас жоспары себеп. Енді жұрт жаңартылған жоспардың кесірінен далада қаламыз деп қорқады. Ал бұл мәселеге қатысты қала әкімдігі не дейді? 

Бір үйдің баласындай көршілерді біріктірген баспана мәселесі. Олар тіпті араша сұрап Президентке де үндеу жолдаған. Өйткені, Қайрат ықшам ауданының тұрғындары несие алып, жиған-тергеніне салған жер үйлерінен айырылып қалудан қорқады. Олар өздерінің қызыл сызықта тұрғандарын кездейсоқ білдік деп отыр. Бұған соңғы 20 жылда алғаш рет жаңартылған Алматының бас жоспары себеп. Бүгін де тұрғындар  қала әкімдігіне қайта келіп, үйлерін сүрмеуді сұрады.  

"Архитектураға келгенде біраз нәрсені білдік. Бізге өте жақын аралықта 9 қабатты 55 үйден тұратын кешен салынбақ. Оның үшеуінің құрылысы басталып та кетті. Оларға жер керек болғандықтан, біз қызыл сызыққа түсіп қалдық па деп те ойлаймыз. Өйткені, салынатын тұрғын үй кешенінде көлік тұрағы қарастырылмаған. Жол өте тар. Егер бәріміз тұрсақ, онда мына жерде аяқ алып жүру мүмкін болмайды", - дейді  Алматы қаласының тұрғыны Михаил Колюгаев. 

Алматы ұлғайған сайын бас жоспарға да өзгерістер енгізіліп жатыр. Биыл мегаполистің 2040-шы жылға дейінгі даму барысын қамтитын жоба бекітілді. Алматы әкімдігінің айтуынша, Қайрат ықшам ауданындағы жеке үйлердің басым көпшілігі сақталып қалады. Тек сол аумақта жобаланған жолдың қызыл сызығына түсетін кейбір жеке сектор сүрілмек. Ал, нақты қай үйлер екені қазір жобалынып жатқан "Шығыс қақпасы" атты аймақтық жоспарын бекіту кезінде анықталады, дейді. 

"Бұл жоба қазіргі уақытта жобалынып жатыр. Бұл бекітілердің алдында қала құрылыстық жобаларды бекіту жөніндегі қағидатқа сәйкес бұл жоба қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Ал, қоғамдық талқылаудың уақыты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады. Бекітілген бас жоспарда бұл аймақта орта қабатты үйлер яғни 5 қабатқа дейінгі ғимараттардың құрылысы жобаланған", - дейді "Алматыбасжоспар ҒЗИ" ЖШС ғылыми зерттеулер бөлімінің басшысы Жанат Айтілеу.

Билік басындағылар құрғақ уәде беріп, үй-күйсіз қалдыра ма деп қорқады халық. Мазасы кеткен тұрғындар құқықтарын кәсіби түрде қорғау үшін енді адвокат жалдамақ. Өйткені, қолдағы бардан ешкімнің айырылғысы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу