Түркістан облысында Антикор қызметкерлері ауыл әкімдерінен ақша бопсалапты. Әрқайсысынан 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейін ауызбастырық алған. Әйтпесе үстіңнен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қаматамыз,- деп қорқытқан. Сұмдық оқиғаның жай-жапсарын бүгін Бас прокуратура жайып салды.
Түрікстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жетісай ауданының әкімшілігіне тексеріспен барған. Ақыр соңында, әкімдер оларға 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейін пара беріп құтылған. Сөйтіп, өздері жазаға тартылады. Бірақ, олардың басқа амалы болмағанын Жоғарғы соттың өзі мойындапты.
"7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің 1 есепшісі соттармен әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру және айыппұл түріндегі жазаларға тартылған. Бас Прокурордың наразылығымен Жоғарғы Сот оларды толығымен ақтап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің іс-әрекеттерінде тікелей арандатушылық бар екенін анықтаған".
Нақтырақ айтсақ, тексеріспен барған антикордың 2 жедел өкілі ауыл әкімдерін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, олардан өздері ақша талап еткен, яки пара бермесең, түрмеден бір-ақ шығасың деген. Енді өздері түрмеден бір-ақ шыққалы жатыр.
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 26 қаңтарындағы үкімімен ауыр санаттағы лауазымдық қылмысты жасағандары үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы 2 жедел өкілі арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына тартылды. Жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді.
Бұған дейін де Антикор қызметкерлері парамен талай ұсталған. Соңғы рет қыркүйек айында Маңғыстау облысында тергеуші Әсет Ізбасарға қатысты үкім шыққаны есте. Ол жемқорлық жасаған қылмыскердің ісін тоқтау үшін 1 миллион теңге пара алған. Парадокс! Ақыры соңында Ізбасар 15 млн теңге айыппұл төлеп, жұмыстан қуылып қана құтылды.
Ал түркістандық жедел жігіттерге қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген, өйткені айыпталушылар онымен келіспей, шағым түсіріпті. Сондықтан, іс біздің жіті бақылауымызда. Айтпақшы, парақор қызметкерлеріне қатысты түсініктеме сұрап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарласқан едік. Олар сұхбат бермек түгілі, жазбаша жауап жазуға да жарамады. Шапшаңдық жетіспей ме, әлде ұмытылып кетеді деп ойлай ма, кім білсін, әйтеуір резонансты іске келгенде ауыздарына құм құйып алатын жаман әдеті бар.