АӨК саласында 1,7 мыңнан аса инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралды. 

АӨК саласында 1,7 мыңнан аса инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда Фото: primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев құжаттың алдағы жылдары отандық агроөнеркәсіптік кешені саласына әсер ететін жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, сондай-ақ бизнес пен сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленгенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Тұжырымдаманың негізгі міндеттері: салада еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 3 есеге ұлғайту, сондай-ақ барлық азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуді кемінде 90%-ға жеткізу. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін орта есеппен 2,5 есеге арттыру жоспарлануда.

Атап айтқанда, тұқым сатып алуды субсидиялау және тұқым шаруашылықтарын жаңғырту есебінен бидай өнімділігін 20 ц/га дейін арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Суармалы жерлер аумағын аталған мерзімде 3 млн гектарға, ал минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейін 40%-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жеңілдікті лизинг пен басқа да мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 7%-ға жетуі тиіс.

"Осы индикаторларға қол жеткізу үшін дара дақылды егістен бас тартып, ғылыми негізделген ауыспалы егістерді сақтау, сондай-ақ өндіріске заманауи ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу қажет. Тұқым шаруашылығын дамыту бойынша арнайы кешенді жоспар әзірленіп жатыр, оның аясында ғылыми ұйымдарды селекцияның заманауи әдістеріне көшіру жұмыстары басталды. Тұқым шаруашылықтарының үйлесімді жүйесі құрылуда, оның негізгі субъектілері біздің ҰАҒБО ғылыми және тәжірибелік шаруашылықтары болады", — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Жер ресурстарын басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу, учаскелерді ресімдеу процесін автоматтандыру, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және айналымға тарту жөніндегі жұмысты жалғастыру көзделген.

Жалпы, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығының барлық салаларында жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 1,7 мыңнан астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, бұл республиканың экспорттық әлеуетін едәуір арттырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу