АӨСШК халықаралық ұйым деңгейіне өтсе не өзгереді?

684

Осыған дейін АӨСШК саммитінде бірқатар құжат қабылданғанын жазған болатынбыз.

АӨСШК халықаралық ұйым деңгейіне өтсе не өзгереді? Фото: tengrinews.kz

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) халықаралық ұйым деңгейіне өтсе не өзгереді? Бұл сұраққа АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Азия кеңесі онсыз да халықаралық ұйымның бірқатар қасиеттеріне ие. Трансформацияның бірінші қадамдары атқарылғаннан кейін, саммитті басқару органдары өзі институт болып қалыптасты. Азия кеңесіне мүше мемлекеттер басшылары мен үкімет басшылары деңгейінде кеңес құрылды. Бұл бірінші қадам. Екінші қадам – сыртқы істер министрлерінің бас қосуы, кеңес болып, құрылым болып қалыптасты. Құрылымдарда түрлі деңгейдегі жұмыс әдістері бар. Мысалы, Азия құрлығында бүкіл Азияны қамтитын бірде-бір құрылым жоқ. АӨСШК жалғыз. Азияның 90 пайызын қамтитын ешбір өңірлік ұйым жоқ. Бірақ кеңестің ішінде бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатпаған мемлекеттер де бар. Сондықтан бұл кеңестің мәртебесін көрсетіп отыр. Яғни бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаған елдер Қазақстанның бастамасымен Азия кеңесінің айналасына бірдей тең құқыққа мүше ел болып қатысып отырды. Бір-бірімен сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік беріп отыр", - деп жауап берді кеңестің Бас хатшысы.

Оның айтуынша, бұл мүмкіндіктің екінші жағы да бар.

"Біз бұл кеңесті ұйымға айналдырған кезде консенсуспен қабылданған бүкіл шешімдерді ертең іске асырған кезде бәрі соған дайын ба, жоқ па – мәселе осында. Шешімдердің барлығы консенсуспен қабылданады. Яғни, егер бір елдің қарсылығы болса, шешім қабылданбайды. Бұл кеңестің толыққанды ұйымнан 1-2 айырмашығы бар. Толыққанды ұйымдарда мүшелердің жарнасы бар. Сол жарнаны төлейді. Ал, Азия кеңесінде әзірге жарналар ерікті сипатқа ие. Жарналарымыз орнатылмаған", - деді спикер.

 

Бұдан бөлек Қайрат Сарыбай әкімшілік кейбір сұрақтардың бар екенін де жасырмады. Десек те, "АӨСШК-тің ұйым боларына ешкімнің де күмәні жоқ" екендігін айтты.

"Бәрі соған бел буып, мәлімдемеге қол қойылды. Бірақ бұл ұйымның атауы қалай болады? Мысалы, БҰҰ-да біз бақылаушы мәртебеге иеміз. Мүмкін жаңа басқа бір әріптестік тетігі орнатылатын шығар. Ең бастысы бәрі трансформацияға көніп отыр. Екіншіден, біздің арамыздағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көшу керек екендігін бәрі мойындап отыр. Үшіншіден, Азия әлеуетінің әлем деңгейіндегі жаңа рөлі не екенін және бұл жаңа рөлде Азия мемлекеттері өздері не істей алады, бір-бірімен қалай ынтымақтаса алады – мәселе осында", - деді Қайрат Шораұлы.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу