Әрбір үшінші қазақстандық айлықтан айлыққа қарызға өмір сүреді – зерттеу

392

Әрбір үшінші отандасымыздың тапқан жалақысы келесі айлыққа дейін жетпейді. Яғни, қарыз алуына мәжбүр.

Әрбір үшінші қазақстандық айлықтан айлыққа қарызға өмір сүреді – зерттеу Фото: Inbusiness.kz

Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген зерттеу нәтижесі осындай болды. 3 мың адам қатысқан сауалнама негізінен халықтың қаржылық сауаттылығын анықтауға бағытталған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Сонымен қатар, қаржы алаяқтарының арбауына егде жастағылармен қатар, 18-29 жас аралығындағы азаматтар да жиі түседі екен. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін қайтпек керек?

Осымен 4 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 18 бен 63 жастағы 3 мың адам қатысты. Жағымдысы 2018 жылға қарағанда отандастарымыздың қаржылық сауаттылығы өсіп келеді. Өткен жылы 40 пайыздан асқан. Дегенмен, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүргендер әлі азаймай тұр. Яғни, респонденттердің 38,9 пайызы қарыз алады. Оның ішінде онлайн кредитке жүгінетіндер 7,5 процент. Бұл ретте ең алдымен несие берушілердің жауапкершілігін арттыру керек, дейді мамандар.

"Қаржылық ұйымдар қарыз алушыларымен жұмыс істеген кезде жауапкершілікті алу керек. Халықтың көпшілігі барлық қаржылық өнімдер туралы білгенімен, оның қалай жұмыс істейтінінен хабарсыз. Сондықтан, несие беруші барлығын ашық айту керек, кредиттің қалай жұмыс істейтінін, депозиттің қайсысы тиімді екенін",  -дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөлім басшысы Дмитрий Акмаев.   

Деседе, тұтынушылық кредит соңғы екі жылда ең көп таралған қызмет түрлері ішінде үшінші орында. Көш басында, автокредиттеу, зейнетақы аннитеті, ал төртінші орында дебеттік карта. Әлеуметтік зерттеу қаржылық алаяқтық тақырыбын да айналып өтпеді. Алаяқтардың арбауына негізінен батыс халқы сенгіш келетін ұқсайды. Өйткені, Атырау, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының тұрғындары интернет-алаяқтыққа жиі тап болатындарын айтады. Бір қызығы, қаржылық алаяқтар зейнет жасындағыларды қойып, 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтарды да құрығына түсіретін бопты.

"Жастық максимализм деген дүние бар ғой. Яғни, қазір барлығы өзін білімді сезінеді. Өздерін басқалардан жоғары сезінетіндей жастардың кезеңдері осы бір сәтті психологиялық тұрғыдан олар соған қарсы жұмыс істейтіндей инструменттер бар. Өйткені, бірінші кезекте алаяқтардың өздері жаңағы жас аралығындағы бозбала, бойжеткендердің қызығушылықтарын зерттеп барып хабарласатын сияқты", - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.    

Білеміз, жұртты жағдайы мәз емес екені. Десекте, тапқанын тиімді жұмсау үшін қаржылық сауаттылықты арттыру қажет-ақ. Ол үшін ең алдымен мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына кіргізу қажет деп санайды сарапшылар. Одан өзге, қаржыны басқаруға арналған түсінікті әрі, пайдалануға ыңғайлы мобильді қосымшалар жасау керектігін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу