Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР вице-премьері-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен жиынға, еліміздің барлық аймағынан тауар өндірушілер, облыс әкімдерінің орынбасарлары және салалық одақ мүшелері мен қоғамдық кеңес өкілдері қатысты.
Ведомство жетекшісі Елбасы және Үкімет басшысы атынан барша ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен ауыл халқын төл мерекелерімен құттықтады. Алқаға келгендер алдымен ауыл шаруашылығындағы жиын-терімнің қорытындысын шығарды. Биыл егемендік тарихында тағы бір рекордтық деңгейде астық жиналды. Оның жалпы көлемі 24 миллионға жуық. Таратып айтсақ, 17,9 млн тонна бидай, 3,3 млн тонна арпа қамбаға құйылды. Ал күріштің әр гектарынан 53,6 центнерден өнім алынып, рекорд жаңартты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі ұлғайып, мал басы саны артты.