ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты Семей қаласында Үкімет басшысына қаланың 2020-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының, "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" және "Нұрлы жер" бағдарламаларының орындалуы туралы баяндалғанын жазды. Атап айтқанда, А. Мамин Абай атындағы алаңды, музей мен театрды реконструкциялау жұмыстарымен, сондай-ақ "Қарағайлы" шағын ауданы мен көпбейінді мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысты. "Семей тәуелсіз Қазақстанның мәдени, рухани мұрасы мен тарихында айрықша орын алады. Ел басшылығы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі ", – деп А. Мамин, қаланы дамыту бойынша барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-министр Абай ауданының әкімшілік орталығы Қарауыл ауылында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының дамуын тексерді. Мұнда Үкімет басшысына 300 орынға арнап салынып жатқан орта мектеп құрылысы, Абай атындағы саябақты салу, сондай-ақ елді мекеннің су тарту желілерін реконструкциялау туралы баяндалды. Премьер-Министр Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейіне барып, онда "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешенін реставрациялау жұмыстарының барысымен танысып, Абайдың музей үйін аралады.
Үкімет басшысы Абайдың 175 жылдығына орай жоспарланған Семейдегі және Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. "Мерейтой мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Бұл шара Қазақстан халқы үшін үлкен идеологиялық және тарихи мәнге ие", – деді Асқар Мамин.