Астанада азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешілетін істердің саны артқан

568

2022 жылдың алғашқы үш айының қорытындысына сәйкес, Астана қаласының әкімшілік соттарында жеке және заңды тұлғалардың пайдасына шешілген талап-арыздардың қанағаттандырылу көрсеткіші 61 пайызды құраған. 

Астанада азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешілетін істердің саны артқан Фото: Time.kz

Астана қалалық сотының судьяларының айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі жаңа өзгерістердің арқасында жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекеттік органмен арадағы дауды жеңуі ақиқатқа айналып отыр.

Биылғы бірінші тоқсандағы мәліметтерге сәйкес, елорда бойынша мамандандырылған әкімшілік сотына 954 іс түскен. Оның 338-і шешім шығарумен аяқталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде барлығы 460 іс сотқа келіп түсті.

Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Оралхан Тұрсыновтың айтуынша, биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша салық даулары бойынша 126 іс қаралған.

"Мемлекеттік сатып алу бойынша – 60 іс, жеке сот орындаушыларының әрекеті мен әрекетсіздігін даулау бойынша – 283 іс. Талапкер мен жауапкер арасында істердің 15 пайызы екі тараптың татуласуымен аяқталған", - деді ол.

Елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.

"Бұл заң болмағанға дейін әкімшілік істер азаматтық іс жүргізу кодексімен қаралған. Ал, ол жерде қазіргі күнге дейін соттың белсенді рөлі жоқ. Біздің заңнамада бұл қарастырылған. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік органдар мен жеке немесе заңды тұлға соттасқан кезде мемлекеттік органдардың артында 30-50 мемлекеттік қызметкер тұрады. Ал, жеке тұлғаның қорғаушысы немесе заң жағынан сауаттылығы болмауы мүмкін. Сол себепті олар көбінесе сотта жеңіліп жатады. Бұл осы заң қабылдамай тұрғанда жиі болатын. Сондықтан да жалпы қанағаттандырылған даулардың көрсеткіштері де төмен еді", - деді судья.

Оның сөзінше, бір істің қаралу мерзімі заңнамада 3 ай деп көрсетілген.

"Судьялар 3 ай бір істі қарап жүріп алмайды. Егер де адамдар сотқа құжаттарын уақытында беріп, дәлелдемелерін ұсынып жатса, онда істі бұл мерзімге жеткізбей қарауға болады. Бірақ көбінесе жауапкерлер мен талапкерлер құжаттарды кешіктіріп жатады. Негізі осы үш ай мерзімнен асырмай қаралады", - деді судья Оралхан Тұрсынов.

Азаматтық сотта судьяның өз ұстанымын айтуға құқығы болмаған, алайда бұл Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекспен бекітілген, деді Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы Жанар Дүйсенова.

"Яғни, судья талапкердің талапты дұрыс айтпағанын немесе тиісті емес шешімге шағымданғанын көргенде, бұл туралы тікелей айта алады", - деді Жанар Дүйсенова.

Астана қаласы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиевтің сөзінше, әкімшілік соттарға түсетін жүктеме артады.

"Бұл халықаралық тәжірибе. Жыл сайын өсім болады. Бір әкімшілік судья бір айда шамамен 30-40 іс қарайды. Бұл көрсеткіш кейде алпысқа дейін жететін де кездер болады", - деп атап өтті Дамир Әбдіғалиев.

Алғашында бизнес қоғамдастық пен азаматтар жаңа заңнамаға күмәнмен қараған. Бірақ екі жылдағы жұмыстың қорытындысы оң нәтиже беріп отыр, дейді спикерлер. 

Әкімшілік соттарда қаралатын талап-арыздардың негізгі бөлігін жеке сот орындаушыларының әрекетіне шағымдану құрайды. Істердің екінші санатына салық даулары кірсе, одан кейінгі орындарда тұрғын үй мен мемлекеттік сатып алу даулары жатады.

"Бұрын мемлекеттік органдармен татуласу мүмкін емес болатын. Қазір бұл жағдай да өзгерді. Мемлекеттік органдар судьяның құқықтық пікірін және белсенді ұстанымын ескере отырып, татуласуға дайын. Кей жағдайда мемлекеттік органдар өздерінің қателіктерін мойындаса, енді бірі сот талқылауы аясында бұл олқылықтың орнын толтырып жатады", - деп атап өтті Астана қаласы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу