Астық тұқымын сараптамадан өткізетін маман жоқ

987

Ақтөбе облысындағы орталық зертхананың материалдық-техникалық базасы да әбден ескірген. 

Астық тұқымын сараптамадан өткізетін маман жоқ Фото: Әзиз Жанұзақ

Қазір бұл жерде зейнет жасындағылар еңбек етіп жүр. Олар аядай ғана бөлмеде тұқымның жарамдылығы мен сапасын тексеріп, арнайы куәлік береді. Мұндай нысан облыс орталығынан бөлек Әйтеке би мен Мәртөк аудандарында да бар. Алайда, зертханалық құрылғылары ескірген. Мамандар қолда барымен амалдауға мәжбүр. Негізінен техникалар сараптамалар жасайды, жердің құнарлылығын тексереді. Бұл жерде Қытай және Өзбекстан секілді мемлекеттерге шығарылатын бидайға құжаттар беріледі. Былтыр 80 мың тонна бидайға сараптама жасалған.

"Біз тұқымның жарамды немесе жарамсыз екенін көрсетіп, куәлік жазып береміз. Жарамды болса, кондициялығы туралы құжат дайындалады, жарамсыз болса, сараптама қорытындысын көрсетеміз. Әдетте көбі жарамды болады. Биыл тұқым аздау болып тұр. Дегенмен, тағы да сатып аламыз деп жатыр. Жаңадан әкелінген тұқым да бізден тексеруден өтеді", - деді орталық сарапшысы Амантай Ешкеев. 

Бір тұқым екі мәрте - күзде және қыста тексеріледі. Бидай, арпа, тары, сұлы және судан шөптеріне зерттеу жүргізіледі. Сараптама нәтижесі 7-10 күн аралығында шығады.
Өңірде 500-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның 140-тайы ғана сараптама орталығымен қарым-қатынас орнатқан. Жеке қожалықтар көбіне тұқымды шетелдерден сатып әкелген соң, ешқандай сараптамасыз еге салады екен. Ондай дәннің жақсы өнім беруі екіталай. Оның үстіне, былтыр ылғал мөлшерден асып, тұқым көктеп, біразының жарамдылығы төмендеген. Мамандар ескі құрылғылармен жұмыс істеп-ақ жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Өткен жылы 50 миллион  теңге пайда түсірді. 

"Биыл жоспарды одан әрі көтереміз бе деген ой бар. Қазір аудандармен сөйлесіп отырмыз. Мамандарымыз барып, келіссөздер жүргізіп жатыр. Бізбен тек 144 шаруашылық қана жұмыс істеп отыр. Олардың көрсеткіші жақсы. Басқалары әлі де келе қойған жоқ. Олардың еккен егінінде шығын көп. Яғни, ақша үнемдеймін деп жүріп, мол астық ала алмай қалады", - деді "Қазақстан аграрлық сараптамасы" АҚ филиалының директоры Марат Құспанов.

Орталыққа білікті жас мамандардың келгісі жоқ. Өйткені, жалақы аз.  Қазір бұл жерде "Жастар бағдарламасы" арқылы келген 2-3 маман ғана уақытша жүр. Зертхана құрылғыларының да толықтай қашан жаңаратыны белісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу