Ата-аналар төбесі құлауға шақ мектепке балаларын жіберуге қарсы

530

Атырауда жылдар бойы жөндеу көрмеген білім ордасы тағы су астында қалды. Мектептің іргесі сөгіліп, төбесі құлауға шақ. Бүтін білім ордасының оқушылары онлайн форматқа ауыстырылған. Енді ашынған ата-аналар қауіпті ғимаратқа баламызды жібермейміз деп отыр. Қашықтан оқу да көңілдеріне жақпайды.

Ата-аналар төбесі құлауға шақ мектепке балаларын жіберуге қарсы Фото: Ақ Жайық

Жаңбыр мен қар жауса болды, бұл оқу ордасындағы сабақ онлайн форматқа ауысады. Ал мектеп қызметкерлері шатырдан аққан суды құрғатуға шелек пен шүберектерін ала жүгіреді.10 жылдан бері қайталанып келе жатқан мәселеден ата аналар әбден мезі болған. 

"Жағдайдың бәрін көзбен көре тұра, бұл мектепті ешқайсысы апатты деп танығысы келмейді.Өткен аптада өрт тұтанды. Менің үлкен балам осы жерде оқыды. Қазір тағы екі балам білім алады. 10 жылдан бері көргеніміз осы. Мәселемізді тез арада шешіп беруді талап етемін", дейді ата-ана Екатерина Унашева. 

Білім орадасына соңғы рет 2017 жылы жәй жөндеу жасалған көрінеді. Бірақ мектептің қазіргі сыйқына қарап, жұмыс жүргізілді деп айтуға ауыз бармайды. 

"Күн райы жақсарып, жаңбыр тоқтағасын, мектепті құрғатып, сабақты осы жерде жалғастырамыз дейді. Мен бұған қарсымын. Балалардың басына бірдеңе құласа, не тоққа түссе кім жауап береді? Менің қолыма қауіпсіздікті түбегейлі мойнымызға аламыз деген жазбаша құжат берсін. Ешқайсысы бере алмайды. Алда мектепке қайта шақырса, мен бас тартатын боламын", дейді ата-ана Нұргүл Халелова.

№ 30 мектеп гимназиясында 2 мыңнан аса оқушы екі ауысыммен оқиды. Ғимаратсыз қалған оларды өзге мектептерге орналастыруға да мүмкіндік жоқ. Маңайдағы білім мекемелерінің бәрі 3 ауысымды.Қазір күрделі жөндеуге қажет құжаттың бәрі сақадай сай екен.Сараптама қорытындысы күтілуде. Бір қызығы келеңсіздік тудырған мәселеге қатысты жауаптылар өздерін кінәлі санамайды.

"Қазір онлайннан басқа вариант жоқ.Ол бірден жасалатын жұмыс емес.Оған ешкімнің кінәсі жоқ. Ол жобасы сондай мектеп. Сондықтан күрделі жөндеуге үлкен қаражатты да талап етеді", дейді Қалалық білім бөлімінің басшысы Аманбай Хұсынов.

Электр желісіне өткен судан ақау шықпасына кім кепіл? Балалардың қауіпсіздігіне жауап бере аласыз ба деген сауалға, мынадай жауап алдық.

"Оқушылар судан кейін, жаңбырдан кейін бірнеше рет оқып кеткен жағдайлар болды.Сіздер ата аналарды бәрін жамандыққа шақырып, мұндай жағдай болса демеңіздер, жақсы нәрсе айту керек", дейді Қалалық білім бөлімінің басшысы Аманбай Хұсынов.

Осылайша судың астында қалған білім ордасының қашан жөнделетіні беймәлім. 

Ашынған ата аналар бұл мектепке балаларын жіберуге түбегейлі қарсы. Егер жергілікті билік мәселені шеше алмаса, министрлікке дейін барамыз дейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу