Ата заңның қазақша нұсқасы тілдік тұрғыдан қайта жүйеленді

105

Заңгерлер көп жылдан бері Конституцияның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты жүйелі мәселелерді көтеріп келген. 

Ата заңның қазақша нұсқасы тілдік тұрғыдан қайта жүйеленді Фото: Конституциялық сот

Конституциялық комиссия мүшесі, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті" АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында қазақ тіліндегі мәтіннің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Осыған байланысты университет профессорлары e-Otinish платформасы арқылы нақты ұсыныстар жолдап, соның негізінде Ата заңның қазақша мәтінімен жұмыс істейтін арнайы топ құрылған. Бұл топ терминологияны нақтылау, заң тілін жеңілдету және мәтіннің бірізділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізген.

Талғат Нәрікбаев комиссияның алғашқы отырыстарында-ақ терминологиялық дәлдік пен заң тілінің сапасы басты назарда болғанын атап өтті. Ұсынылған мәтін комиссия мүшелерімен бірлесе талданып, енгізілген түзетулер жаңа Конституция жобасында ескерілген.

Атап айтқанда, бұрынғы редакцияда әртүрлі мағынада қолданылған "құқылы", "хақылы", "құқығы бар", "хақысы бар" секілді ұғымдар жаңа мәтінде мағынасына қарай жүйеленіп, бірізді қолданылған. Бұл заң нормаларын түсінуді жеңілдетіп, құқықтық айқындықты арттырған.

Сондай-ақ калька түріндегі ауыр құрылымдар қысқартылып, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына сай келетін ықшам әрі нақты тіркестерге басымдық берілген. Мысалы, "қызметке тағайындайды" секілді күрделі құрылымдар "тағайындайды" формасында қолданылып, мәтіннің нақтылығы күшейтілген.

Комиссия мүшесінің айтуынша, атқарылған жұмыс Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасын түсінікті, жүйелі әрі азаматтарға қолжетімді етуге мүмкіндік берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу