Атырау облыстық ауруханасында оттегі цехы салынып жатыр

903

Енді стационарға ауыр баллондар тасуға қажеттілік жоқ.

Атырау облыстық ауруханасында оттегі цехы салынып жатыр

Атырауда инфекциялық кереуеттер саны 26 пайызға, провизорлық орын саны 32 пайызға қысқарды. Мұның себебі аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруымен байланысты деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

"12 тамыздағы ахуал бойынша, Атырау облысында коронавирус инфекциясымен 10638 науқас тіркелген. Оның ішінде 7869 адам емделіп шықты. Бұл қатерлі вирустан жазылып шыққандардың көрсеткіші 74 пайызды құрайды деген сөз.  Науқастар саны азаюы себепті карантиндік станционарлар жабылды. Алайда, эпидемиологиялық ахуал жақсарғанымен, алдағы жағдайды болжай алмаймыз. Сол себепті жан-жақты дайындықты күшейтіп, короновирустың "екінші толқынына" дайын болуымыз керек", – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен бірге, мұнайлы астанадағы облыстық ауруханасында оттегі цехы салынуда. Салынып жатқан цех құрылысы алдағы қыркүйек айының соңында аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұдан кейін Атырау облыстық кардиологиялық орталығы мен облыстық №2 ауруханада да осындай оттегі цехын жасақтау жоспарланған. 

"Оттегі желісінің күші қанша науқасқа жететінін, тиімділігін жан-жақты ойластырудамыз. Аудандар бойынша Махамбет ауданындағы жүз кереуеттік инфекциялық стационарда он екі оттегі нүктесі тартылған болатын, алдағы уақытта олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Құрманғазы орталық ауруханасында жаңадан салынып жатқан ауруханаға да оттегі жүйелерінің нүктесі толықтай тартылады. Одан кейін Қызылқоға, Мақат, басқа да аудандарға оттегі желілерін тартуды жоспарлаудамыз", – дейді Нұрлыбек Қабдықапаров. 

Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиевтың айтуынша, дербес кислородтық цех іске қосылған жағдайда, оттегін өздігінен өндіретіндіктен баллон тасымалдауға қажеттілік болмайды екен.

"Бұған дейін Атырау облыстық ауруханасында дербес кислород тасымалын жүзеге асыратын 60 нүкте болған еді. Бірақ, эпидемиологиялық ахуал ушыққан өткен айларда кислородтық 60 торап аздық етті. Ал, салынып жатқан оттегі цехы кислород тарататын 300 нүктеге дейін қамти алады етеді. Оның ішінде, оттегінің 260 нүктесі аурухананың жаңа ғимаратына тартылып отыр", – деп түсіндіреді бас дәрігер.

Дегенмен, қазіргі кезде коронавирус инфекциясымен емделіп жатқан науқастар саны азайғандықтан аурухананың провизорлық стационарына кислородтық баллондар тасымалданып жатқан жоқ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу