Атырау облысында қысқаратын өндірістік жобалар бар

1537

Олардан босаған жұмыс күшін мұнай-химия жобалары күтіп тұр.

Атырау облысында қысқаратын өндірістік жобалар бар

Атырау облысында алдағы "Теңізшевройл" ЖШС Болашақ кеңейту жобасының аяқталуына орай жұмыстан босайтындар саны көбеймек. Есесіне, облыста басқа өндірістік орындар көптеп ашылады деп күтілуде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Алдағы уақытта өңірде облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданбақ.

"Жоспар аясында облысқа алдағы 5 жылда шамамен 9,5 трлн.теңге инвестициялар тарту, оның ішінде 8 трлн 600 млрд теңгеден астам жеке инвестициялар тарту қарастырылған. Соның арқасында 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде", - деп хабарлады облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесуінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, 2023 жылы ТШО Болашақ кеңейту жұмысының аяқталуына байланысты алдағы үш жылда бірнеше мыңдаған адам жұмыстан қысқарып қалмақ. Атап айтқанда, 2021 жылы - 20 800, 2022 жылы – 29 200, 2023 жылы – 5 100 адамды қысқарту көзделген. Дегенмен, бұл олар "екі қолға бір күрексіз" қалады дегенді аңғартпайды. Облыста мұнай-химия саласында басқа да бірқатар жобалар жүзеге асқалы отыр, олар да көптеген жұмыс күшін қажет етеді. Мәселен, полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысына 8 мың адам, Қашаған кешеніндегі газды қайта өңдеу зауытының құрылысына 2,8 мың адам, бутадиен өндіру жобасының құрылысына 2 мың адам, полиэтилэнтерефталата және тазартылған терефтал қышқылы өндірісіне 1,1 мың адам қажет екен. 

"Атырау облысы әкімдігі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, облыстық әкімдік 2021-2023 жылдары іске асыруды жоспарлаған жобалар аясында 8,2 мыңға жуық қазақстандық кадрларды жұмыспен қамту мәселесін қарастырып жатыр, ол бойынша 2021 жылы 2,8 мың, 2022 жылы 3,6 мың, 2023 жылы 1,8 мың адамды қамту пысықталуда", - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева. 

Түсіндіру үшін айта кетейік, Атыраудағы мұнай кеніштеріндегі жағдайдың ел экономикасы деңгейінде қарастырылуы бекер емес. Себебі, ірі өндірістік компанияларда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мамандар еңбек етеді. Сонымен қатар, Атырау облысының өзінде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар аз емес. Сондықтан, соңғы жылдары, әсіресе, карантин кезінде алдыңғы кезекті жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріліп жүр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу