Атырау облысының полицейлері тұрғындардың қолындағы төрт түлік малға жарықты шағылыстыратын ленталар мен спрейлер тарата бастады. Әзірге мұндай дүниелер Махамбет ауданындағы үш шаруа қожалығына берілген. Оған аудан арқылы республикалық деңгейдегі Атырау-Орал трассасының өтетіні себеп болып отыр. Жол бойында күндіз демей, түн демей, кенеттен атып шығатын төрт түліктің кесірінен талай жол-көлік апаты болып, бірнеше рет адам өлімі орын алған болатын. Малдың мойнына жарық шағылыстыратын жіптерді ілу – жүргізушінің оны алыстан байқап, жылдамдығын тежеуіне әсер етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, ленталар мен спрейлерді алуға NCOC компаниясы қаржылай көмек көрсеткен. Алдағы уақытта басқа аудандарды қамту да жоспарланбақ.
Облыстық полиция депратаментінің дерегі бойынша, былтыр Атырау облысында мал мен көлік соқтығысқан 5 жол оқиғасы болып, оның төртеуі адам шығынымен аяқталған. Биыл мұндай екі оқиға болып, бір адам қайтыс болып, бір адам жарақат алды.
Құралай Қуатова