Атырау облысының бюджеті талқыланды

1042

Оған сәйкес, басымдық беріліп отырған бағдарламалар бар.

Атырау облысының бюджеті талқыланды

Атырау облысында 2020 жылдың 1 жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 3 930,2 млрд.теңгені құрады. Ал 2021-2025 жылдары өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 1,2%, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 8,0%, саудада 1,5% деңгейінде болжанып отыр. Бұл жөнінде облыстық мәслихатының ХLIX сессиясында 2020 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау және 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы жөнінде баяндаған экономика және  бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Сәлімбаев мәлім етті. 

Алдымен биылғы облыстық бюджетке тоқталсақ, ондағы нақтыланған кіріс болжамы 391,2 млрд теңге болып, қазіргі күні 90,5%-ға орындалып тұр екен. Атап өтетіні, нақтыланған облыстық бюджеттің шығыс бөлігіне осы оқу жылында бастауыш сыныптарда кезекші сыныптардың ашылуына байланысты мұғалімдердің жалақысына, мал шаруашылығы саласындағы жеңілдіктерге және басқа да шығындарға қосымша қаражат бөлу ұсынылған. 

Ал 2021 жылы облыстық  бюджет шығыстарының жалпы көлемі 
466,6 млрд теңге, оның ішінде жеке облыстық бюджет 404,8 млрд теңге, 2022 жылы – 434,7 млрд теңге және 2023 жылы – 425,1 млрд теңге сомасында жоспарланған. Алдағы үш жылға арналған облыстық бюджет шығыстарының басымдықтары - адами капиталдың сапасын арттыру, денсаулық сақтауға қолжетімділікті қамтамасыз ету, өнімді жұмыспен қамтуды ынталандыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамту, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін дамыту және арттыру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту деп нақтыланған. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларға 2021 жылы - 28 718,2 млн теңге, 2022 жылы - 28 681,3 млн.теңге және 2023 жылы - 11 088,9 млн теңге қаражат бөлу қарастырылуда. Құрылыс нысандары бойынша 2021 жылы 16 887,4 млн теңге, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 2021 жылы 2 223,6 млн теңге, жолдарды дамыту бойынша шығыстар - 8 347,2 млн теңге жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Азамат Сәлімбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін игерілмейтін болғандықтан және үнемдеу мақсатында биыл республикалық мақсатты бюджеттен көптеген трансферттер қаражаты қысқартылған. Облыс көлемінде бөлінетін қаражаттан да негізгі және қосымша білім беру саласындағы спорт педагогтарына, пандемия кезінде жұмыс істеген тәртіп сақшыларына, мұғалімдердің біліктілік категориялары үшін қосылатын шығындар қысқартуға ұшырапты. Есесіне, алдағы уақытта "Нұрлы жер", "Аймақтарды дамыту", "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артып отыр. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу