Атырау облысында "Caspian news" телеарнасы көрерменге "Дақ" қысқаметражды фильмін ұсынды. Бұл аймақтағы теріс діни ағым жетегінде кеткендер жөніндегі кезекті туынды,– деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Фильмде басты кейіпкер Мұса Базарбаев экстремистік діни бағытқа бет бұрып, әйел-баласымен бірге Сирияға кетеді. Кейін "Жусан" операциясы арқылы отбасымен елге оралып, өзі жазасын өтеп шығады. Ол жат жерде жүргенде анасы қайтыс болып, өзі ауыр науқасқа шалдығып, баласының бір қолын оқ жұлып кетіп, мүгедек болып қалған. Өкініштен өзегі өртенген Мұса басқаларды ондай жолға түспеуге үндейді.
"Жасыратыны жоқ, маңайымызда осындай жолда жүргендер бар. Рөлді алып шығу үшін олардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, сөзін қарап, жаттықтым",– дейді басты кейіпкерді ойнаған актер Бекет Зинуллин.
Айта кетейік, облыста бұған дейін де осы тақырыпта "Ұл", "Хақ жолы", "Аманат", "Іздегенім жұмақ емес, тозақ болды" сынды фильмдерден бастап, "Өмірзая" телесериалына дейін түсірілген болатын. Бұл жолы картинаны түсіру процесіне карантин режимі, көп мекеменің жабық болуы кәдімгідей кедергі келтіріпті.
"Теріс діни ағымның таралуының алдын алу, онымен күрес – қазіргі күні өңір үшін өзекті болып тұрған мәселе. Сол себепті ол жөнінде көпшілікке ой салатын, жол сілтейтін танымдық туындыларды жиі түсіріп отырмыз. Оларды "Шапағат" деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы" қоғамдық қоры жергілікті телеарналармен бірлесе отырып түсіруде", – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев.
Сондай-ақ, аталған фильмдерге Махамбет атындағы облыстық драма театрының актерлері тартылған.
Облыстық дін істері басқармасы көрерменге ұсынылатын фильмдердің сценарийінен бастап толық нұсқасына дейін мақұлдап, қадағалап отырады.
"Мұнда өмірде болған нақты жайларды көрсетуге назар аударамыз, сондықтан, олардың ешқайсысы ойдан шығарылған сюжеттер емес", – деп нақтылайды Қайролла Көшқалиев.
Құралай Қуатова