"Атырауда жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1986 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 184-і елден шығарылды. Шетел азаматтарына қатысты 49 қылмыс тіркелді, оның ішінде 43 қылмыс шетелдіктер тарапынан жасалған. Бұлардың көпшілігі – Өзбекстан Республикасының азаматтары", – деп мәлімдеді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Айта кетейік, түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған шетелдіктерден 5 млн теңге айыппұл өндірілген. Сондай-ақ 10 қазақстандық жұмыс беруші азамат та заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Атырау полицейлері биыл тек Атырау қаласында 50 мың шетелдікке жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған патенттер рәсімдеді. Бұл азаматтардың да басым бөлігін Өзбекстаннан келгендер құрап отыр. Жалпы облыс аумағына қоныс аударған шетелдіктер саны өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға дейін азайып кеткен.
Құралай Қуатова