Атырауда зейнетақы жинағынан ақша алуға 9 257 өтініш берілген

1219

Оның ішінде, 2785 өтініш қанағаттандырылмаған.  

Атырауда зейнетақы жинағынан ақша алуға 9 257 өтініш берілген

Атырау облысы республика бойынша зейнетақы қорын пайдалана алатын азаматтар саны жағынан төртінші орынға табан тіреп тұр. Алайда, қорда қаражаты барлар оны мұнайлы өңірден жылжымайтын мүлік алуға жұмсағысы келмейді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

2021 жылғы 15 ақпандағы дерекке сәйкес, Қазақстанда 78 074 өтініш мақұлданып, ол бойынша салымшылардың арнайы шоттарына 423,7 млрд. теңге біржолғы зейнетақы төлемі аударылған. Оның ішінде орташа төлем 5,4 млн.теңге құрайды. қазіргі күні 45,3 млрд.теңгені құрайтын 8 636 өтінім қарастырылуда. 40,6 мың өтініштен талапқа сай келмегендіктен бас тартылды", - деп хабарлайды "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ баспасөз қызметінен.

Келіп түскен өтініштердің ішінде саны жағынан алғашқы үштікті Алматы қаласы (19,8 пайыз), Нұр-Сұлтан қаласы (16,2 пайыз), Маңғыстау облысы (15,4 пайыз) құрайды екен. Атырау облысының бұл көрсеткіштегі үлесі 7,27 пайыз, нақтырақ айтқанда, әзірге 9257 өтініш беріліп, оның 2785-інен бас тартылған, қалғандары қарастырылып жатыр.

Зейнетақы қорындағы салымын пайдалана алатындар оны емделуден бөлек, пәтер алу немесе ипотекасын жабу сияқты тұрғын үй қажеттіліктеріне мақсатты жұмсайтыны белгілі. Алайда, байқағанымыз, мұнайлы өңірде бұл рынокта аса үлкен қозғалыс жоқ. Қалада көптен жұмыс жасайтын, белгілі "Квартирное бюро" агенттігінің өзінде Атырауда риэлторлардың саусақпен санарлықтай екенін, көпшілігінің бұл қызметті атқарамыз деп жарнамалағанмен шындығында үйді қысқа және ұзақ мерзімге жалға берумен ғана айналысатынын жасырмады. Ал біз телефон арқылы хабарласқан Әнуар есімді риэлтор "Қалада әлі де арзан үйді қарап табуға болады. Ал қазіргі "зейнетақы қорындағы ақшаға пәтер алатындар көбейеді, қымбат сұрау керек" деген - уақытша көңіл күй, көп ұзамай баға қалпына келеді" деген пікірде. Оның айтуынша, жеткілікті жинағы бар тұрғындардың денін мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмыс істейтіндер құрайды. Олардың көбісінде баспана мәселесі шешілген, бірнеше пәтер алып қойғандары да бар. БЖЗҚ-дан қаражат алған жағдайда да пәтерді тұрғылықты жерінен емес, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан алып қойғысы келеді. Оған аймақтағы экологиялық ахуалдың нашарлығы, балалардың перспективасын ойлау сияқты факторлар себеп болуы мүмкін. "Атыраудан бөлек, Маңғыстау облысына қатысты да осыны айтуға болады" деп тұжырымдайды маман. 

Қазіргі күні Атырау облысындағы жаңадан тұрғызылған үйдің шаршы метрі  326 107 теңгеге, екінші нарықтағы үйдің шаршы метрі 264 217 теңгеге бағаланады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу