Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың басшылығымен отандық өндірістің 24 жылжымалы медициналық кешенін еліміздің төрт солтүстік өңіріндегі аудандық ауруханалардың қызметкерлеріне салтанатты табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Вице-премьер Е.Тоғжанов құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің атынан еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ел басшылығы сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау бойынша шаралар қабылданғанын ерекше атап өтті.
Жылжымалы медициналық кешендер отандық автокөлік негізінде құрастырылған және көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексерудің кең спектріне арналған. Кешен цифрлық құралдармен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибелік дәрігер зонасы, талдауларды қабылдау зонасы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті, сәулелік диагностика кабинеті. Сонымен қатар мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюрографияны қауіпсіз жасауға болады. Жүйенің басқа адамның жәрдеміне мұқтаж жандар үшін инфрақұрылымдық жүйемен жабдықталуы өте маңызды — пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауды қолжетімді етеді.
Аталған кешендер аудан орталықтарынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан ауылдық округтерде медициналық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың 23 қазанына дейін Қазақстанның өңірлері 100 жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етіледі.