отандық БАҚ өкілдеріне кәсіпорынды дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Жаңа тұжырымдама әуе айлағын арнайы экономикалық аймақ, мультимодальдық жүк тасымалдау және Е-commerce қызмет көрсету орталықтары, сонымен бірге авиаперсоналды дайындау бойынша оқу орталығы мен жаңа кэйтеринг орталығы және басқа да функцияларды қамтитын кәсіпорынға трансформациялауды көздейді, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасарының ақпараты бойынша, аталған тұжырымдама негізінде Халықаралық Азаматтық авиация қауымдастығының (IATA) мамандары әуежайды 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде. Биыл қараша айына дейін бұл бағыттағы жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.
"Мастер-жоспар жер учаскелерін пайдалануды, екінші ұшу-қону жолағын, перрон, терминалдар, ангарлар, бокстар, сондай-ақ қажетті ресурстарды кезең-кезеңімен жоспарлауды қамтитын болады. Оның ішінде арнайы техника мен персоналға да қатысты мәселелер бар. Аталған жоспар негізінде болашақта компанияны дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді", – деп хабарлады Дәулет Хамзин.
Сондай-ақ ол әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі – жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк-терминалдарды кеңейту болатынын атап өтті. Әуежайдың географиялық орналасуы Қытайдан Еуропаға ұшулар кезінде жүк авиакомпанияларының шығындарын төмендетеді, ал авиаотынға қатысты ұсынылған бәсекеге қабілетті бағалар басқа әуежайлар мен елдерден транзиттік рейстерді тарту үшін қосымша ынталандыру болып табылады.
Негізінен транзиттік жүк рейстеріне үлкен көлемді жанармай құюды қажет ететін ауыр жүк ұшақтары пайдаланылады. Осы ретте елордалық әуежайда пайдаланылатын аталған санаттағы әуе кемелеріне жанармай құюдың бірегей жүйесі ұшу алдындағы рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартып, авиакомпанияларға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, ауыр салмақты лайнерге 100 тонна жанармай құю үшін 30-40 минут жұмсалады.
"Осы артықшылықтармен біз дағдарыстан шығуға септігін тигізген жаңа клиенттерді тарттық. Қазір біздің әуежай жылына 3 мыңнан астам жүк транзиттік рейстеріне қызмет көрсетеді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш тіпті 50 рейске де жетпейтін", – деді кәсіпорын басшылығының өкілі.
Сонымен бірге кірістерді нәтижелі әртараптандыру үшін әуежай жерді басқару және концессия есебінен инфрақұрылымды дамыту құқығын алуы қажет. Бүкіл әлемдегі әуежайлар қызметіндегі заманауи тренд – жер ресурстары мен инфрақұрылымды дұрыс басқару есебінен авиациялық емес кірістерді кеңейту. Әуежайлар кірістердің 40 пайызына дейін әуежайлардағы концессия шарттары және инфрақұрылым объектілерін ұзақ мерзімді жалға алу негізінде жерді пайдалану есебінен алады.
"Қазақстанда әуежайлардағы жер телімдерін әкімдіктер басқарады. Әуежайларда концессия ұғымын енгізіп, оларға жерге билік ету құқығын беру қажет. Бұл әуежайлар инфрақұрылымына жеке инвестицияларды тартудың драйвері болмақ", – деп түйіндеді Дәулет Хамзин.