Ауыл халқы арықтан су ішіп отыр

455

Түркістан облысында халықты таза ауызсумен қамту мәселесі мәз емес.

Ауыл халқы арықтан су ішіп отыр Фото: otyrar.kz

Статистикаға сүйенсек, түстікте 100-ден астам елдімекен жұрты әлі күнге тіршілік нәрінен тапшылық көріп келеді. Арасында ашық су көздерінен шөл басып, таза суды тасып ішіп отырғандар да бар.

Мәселен, Келес ауданына қарасты Ақжол, Қауыншы ауылының халқы қазіргі таңда көрші Өзбекстаннан келетін каналдың суын тұтынып отыр. Екі ауылды құбыр суымен қамту үшін осыдан 3 жыл бұрын қазынадан 864 млн теңге бөлінген. Бірақ, құрылыс жұмыстары әлі бітер емес.

Түркістан облысындағы ауызсудың азабын көптен бері тартып келе жатқан Ақжол ауылының халқы бұл. Жиналған жұрт тілшілерге тіршілік нәрінен әбден тарығып жүргенін осылай жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы 2 ауыл төрт түтлікпен бірге ауыл іргесіндегі арықтан шөл басатын көрінеді.

"Мынау арықта су ағады, осы арықтан біз құдығымызды толтырамыз. Сөйтіп ішеміз. Ол су тегін емес, оның өзін сатып алып ішеміз. Тоннасын екі мың теңгеден сатып аламыз", - дейді Ақжол ауылының тұрғыны Гауһар Жораева.

Ауыл тұрғындары өздерінің денсаулықтарына арық суының қауіпті екенін айтады. Өйткені, оған жол-жөнекей егістіктен шыққан ақаба сулар қосылады. Оның құрамында түрлі химикаттар болуы мүмкін, дейді.

"Осыған түнде хлор саламыз кішкене. Кішкене марганцовка саламыз, микробтар өлсін деп. Соны ішеміз біз, амал жоқ. Басқа су жоқ", - дейді Ақжол ауылының тұрғыны Анатолий Тхоченко.

Қауыншы мен Ақжол ауылындағы ағайынның мұңын сейілту үшін 2021 жылы бюджеттен 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, жұмыс басталған. Сол кездегі жоспар бойынша құрылыс былтыр бітуі тиіс еді. Бірақ, құбыр салу ісі әлі созылып келеді. Жауаптылардың сөзінше бастапқы жоспарлаған жерден су шықпаған. Сосын басқа жерден қайтадан ұңғыма қазуға тура келіпті.

Екі елдімекендегі алты мыңнан астам халықты ауызсумен қамту үшін қаралған 894 млн теңгенің 100-млны нақ осы ұңғыма тұрған жерге жұмсалған. Оған құдық қазылып, екі су резервуары салынуы керек еді. Бірақ, арадан екі жыл өтсе де мұндағы жұмыс әлі икемге келмеген. Су сорғылар жоқ. Қойманың бәрі ашық-шашық жатыр. Осыған қарамай мердігер мекеме өкілі екі аптада екі ауылға су береміз, деп отыр.

"Алматыдан насостарға заказ беріп қойғанбыз. Ертең келсе, монтаж жасап бастаймыз", - дейді Мердігер компанияның сенімді өкілі Сабыржан Садықбеков.

Облыста осындай құрылысы сағызша созылып келе жатқан бірнеше су нысаны бар. Олардың көбінде жерасты суының қорын анықтау кезінде кемшілікке жол берілген. Соған қарамай өңір билігі алдағы екі жылда елдімекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтимыз деп отыр.

"Ауыз су мәселесін толық шешу  ең бірінші міндетіміз. Елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Ол үшін ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастыруды тапсырдым. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуіміз керек", - дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңірде 831 елдімекен бар. Оның 719-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тұрғындарды тіршілік нәрімен қамту мақсатында қазір 57 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оған бюджеттен 13,3 млрд теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу