"Ауыл" партиясы 2%-бен ұзақ мерзімді несие беруді ұсынды

767

Осындай қолдау арқылы ауыл өндірісін көтеруге болады.  

"Ауыл" партиясы 2%-бен ұзақ мерзімді несие беруді ұсынды

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партияның кезектен тыс ХVIII съезінде елдің агроөнеркәсіп кешені мен ауыл мәселесін бөліп қарауға болмайтынын баса айтты.
"Ауыл – ел ырзығының иесі! Мұны естен шығармағанымыз абзал. Жыл сайын "Ауыл шаруашылығын дамыту" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 350-400 млрд теңге қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай сол қаржының тиімділігі төмен. Негізінен ірі шаруашылықтарға тиесілі. Өнімнің негізгі бөлігін, яғни 60-65%-ын өндіретін шағын шаруашылықтар сол қаражаттың тек 5%-ын ғана пайдаланады. Шаруаларды қолдау бағдарламалары жаңа министр келген сайын ауысады. Агросаясатта тұрақтылық болмай тұр. Мастер жоспарлар, агрокарталар, азық-түлік белдеуін құру, ет экспорты сияқты бағдарламаларға қыруар қаржы бөлінсе де жақсы идеялар аяғына дейін орындалмай қалады. Елімізде ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдердің 40%-ы ғана қайта өңдеуден өтеді. Өкінішке қарай қалғанының барлығы шикізат түрінде шетелге сатылуда. Ұн өндіру кәсіпорындарының көпшілігі жабылды. Ұн экспортындағы көшбасышылықты басқа мемлекеттерге қолдан бердік. Жүн мен тері өңделмей, қоймаларда шіріп, далада өртеніп жатса да мемлекет тарапынан бұл бағытта қозғалыс байқалмады", – деді партия басшысы.

Әли Бектаевтың айтуынша, қой және жылқы шаруашылығын қажетті деңгейде игере алмай келеміз. 180 млн гектар жайылымымыз бола тұра мал шаруашылығы кенжелеп отыр. 

"Қазагро" холдингі мен оның еншілес ұйымдарына жыл сайын қомақты қаржы бөлінсе де, шаруалардың қаржы қажеттілігінің жартысы ғана өтелуде. Несие сыйақысын субсидиялау бағдарламасы жасалса да, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына бет бұрғысы жоқ. Біз өзіміздің сайлауалды бағдарламамызда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ұзақ мерзімді, жылдық өтемақысы 2%-ды құрайтын несиелер беру жүйесін қалыптастыруды ұсынып отырмыз. Осындай қолдау арқылы ғана ауыл өндірісін көтеруге болады деп есептейміз", – деді Әли Бектаев.

"Ауыл" партиясының басшысының айтуынша, елімізде аграрлық сектор экономиканы алға сүйрейтін локомотив болатынына күмән жоқ. Ауыл шаруашылығының болашақта мұнай мен газ сияқты жер асты байлығының орнын басатын қазынаға айналу мүмкіндігі мол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу