Ауылдарда жалақы қаладағыдай болуы керек – сенатор

598

Елімізде халық саны 50 адамнан аз 549 ауыл бар. 

Ауылдарда жалақы қаладағыдай болуы керек – сенатор Фото: видео скриншот

Сенатор Жанболат Жөргенбаев ауылды дамытудағы өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстанда соңғы 10 жылда ауылды дамытуға арналған түрлі бағдарламалар қолға алынғанына қарамастан, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі жыл сайын артып келеді. БҰҰ болжамына көз жүгіртсек, 2050 жылға қарай урбанизация 70 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының үлесі 56 пайыздан 62 пайызға дейін өсті. Ауылдарда тенденция басқаша. Ауыл халқы тиісінше 43,9 пайыздан 38,8 пайызға дейін төмендеген. Мәселен, бүгінде елімізде халық саны 50 адамнан аз 549 ауыл бар. Ел ішіндегі урбанизация келешекте жұмыс күшінің профицитіне және керісінше кей аймақтарда жұмыс тапшылығына әкелуі мүмкін", - деді сенатор Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында.

ҚР ІІМ мәліметіне сүйенсек, жыл сайын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шамамен 2 млн адам өтеді. 

"Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан өңірлер де, мегаполистер де мұндай көші-қонға бүгін дайын емес. Дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалада тұрады. Қазақстанда ресми тұрде 90 қала бар, бірақ оның 70 пайызы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Яғни барлығын мегаполис деп айта алмаймыз. Жалғыз өндіріс орындарына қарап отырған моноқалаларда инфрақұрылым толық шешілмегені мәлім", - деп жалғастырды ол.

Жанболат Жөргенбаевтың сөзінше, Үкімет соңғы жылдары ауыл ажарын көркейту мақсатында біршама жобаларды қолға алып, халықтың ауылда тұруына жағдай жасауға бағытталған бірнеше бағдарлама мен жобаны іске асырды. Мысалы, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 1,5 мыңнан аса ауылдық жерде 5 мыңнан астам жоба іске асырылды.  Депутат оның нәтижесі көңіл көншітпей отырғанын баса айтты. 

"Ауылдарда баспана, жалақы, мәдени инфрақұрылымдар дәл қаладағыдай қолжетімді болуы керек. Әсіресе, білім кластерін құрудың маңызы жоғары. Ветеринария, ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша, ал мұнайлы аймақтарда мұнай-газ мамандықтарына баулитын білім ошақтарын көтеру керек. Сонда ғана біз ішкі миграцияны аз да болсын ауыздықтай аламыз", - деп атап өтті сенатор.

Депутат шекара маңындағы ауылдардың бюджеттік инвестициялық жобаларын қаржыландыруға бағытталған бөлек бюджеттік бағдарлама ашуды ұсынды. 

"Бұл мәселе бойынша Корея және басқа елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыру қажет. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада белгілеген ауылдық үстемақыдан тыс мемлекеттік шекараға 50 шақырым жақын орналасқан ауыл қызметкерлеріне лауазымдық жалақыға 25 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде үстемеақы белгілеу қажет. Бұған қоса мемлекет құрылыс саласымен айналысып жүрген ірі кәсіпорындармен бірлесіп, шалғай елдімекендерге шикізатты өңдейтін жергілікті өндіріс ошақтарын ашуы қажет", - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу