Шынын айту керек, соңғы жылдары мемлекет ауыл-аймақтағы денсаулық сақтау саласын білікті мамандармен нығайтуға бағытталған жұмысты күшейтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық экономика министрі де жергілікті жерлерде дәрігерлерді әлеуметтік қолдауды екі есеге арттырғанын мәлімдеп, 2025 жылы тапшы мамандықтағы 529 дәрігер 8,5 млн теңгеден көтерме жәрдем алғанын атап өтті. Сонымен қатар, жеңілдіктер мен қызметтік тұрғын үйді пайдаланған дәрігерлер санының жалпы өсуі 30%-ды құрады, бұл ауылдарға мыңнан астам маманның келуін қамтамасыз етті.
Осындай кешенді іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанда дәрігерлердің жалпы тапшылығы 19,6%-ға, ал ауылдық жерлерде 26,7%-ға төмендеген. Соңғы екі жылдағы көрсеткіш – осы. Яғни, "саланы дамытуға бағытталған саясат жеміс беріп жатыр" дей аламыз.
Сөзімізді қуаттай кетсек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауылдық медицинадағы кадр тапшылығын азайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өткен болатын. Ол Үкімет отырысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының іске асырылу барысы жөнінде жасаған баяндамасында өңірлерге мамандар тартудың нәтижесімен бөлісті.
– Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру ғана емес, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай қалыптастыру. Сондықтан, біз әлеуметтік қолдау шараларын кезең-кезеңімен күшейтіп келеміз. Қызметтік тұрғын үй, көтерме төлемдер, әлеуметтік жеңілдіктер мен кәсіби даму мүмкіндіктері жас мамандарды өңірлерге тартуға және оларды сол жерде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде қабылданған шаралардың нақты нәтижесін көріп отырмыз: дәрігер тапшылығы азайып, ауылдық медицина ұйымдарына келетін мамандар саны артып келеді, – деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, алдағы кезеңде де мемлекет өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған жұмысты жалғастырады. Әсіресе, бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, жас дәрігерлерді ауылдық жерлерге тартуға және оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау шараларын кеңейтуге басымдық берілмек. Дегенмен, саланың алдында әлі де тұрған міндеттер бар екенін мамандар мойындайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің құжаттарына сүйенсек, қалада 10 мың тұрғынға шаққанда 56,8 дәрігер жұмыс істесе, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 16,1-ді құрайды, яғни барлық дәрігердің 83%-ы қалалық жерде, ал 17%-ы ауылдық жерде еңбек етеді. Дәл осы айырмашылықты жою мақсатында мемлекет медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесін іске асырып келеді. МСАК объектілері 1,5 млн бірліктен астам медициналық техникамен қамтамасыз етілген, ал жаңа бағдарламалар аясында бұл көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді
Жаза кеткен жөн, салада инфрақұрылымды дамыту ісі де қарыштап дамып келеді. Заң талаптарына сәйкес, халқы 800-ден 2000 адамға дейінгі ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт, ал 2000-нан 10 000 адамға дейінгі елді мекендерде дәрігерлік амбулатория ашылады. Осыдан келіп, тұрғындар қай жерде тұрса да, алғашқы медициналық көмекке қолжеткізсе алатынына сенім мол.