Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Кеден кодексінің нормасына сәйкес аванстық төлем институтын енгізу көзделген. Осыған байланысты шартқа тиісті түзету енгізу қажеттілігі туындап жатыр. Алда төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде 6 кедендік төлем мен салық төленеді", – деді Ерұлан Жамаубаев.
Министрдің мәлімдеуінше, ратификацияланған құжат сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының уақытын үнемдеп, шығынын қысқартады.
"Біріншіден, кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, кедендік бажды, қосылған құн салығын, акцизді, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы бажын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттілігіне байланысты шығындар барынша азайтылады. Қолда бар аванстық төлемдер кедендік бажды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар осы төлемдерді пайда болған берешекті өтеуге қолдану мүмкіндігіне ие болады. Бұл жерде бюджеттік сыныптама кодының әрбір түрі бойынша ақша қаражатының қалдығын жеке-жеке қадағалау қажеттілігі болмайды", – деді Ерұлан Жамаубаев.
Оның сөзінше, кеден органы аванстық төлем енгізген тұлғаның өтініші бойынша оған аванстық төлем ретінде енгізілген қаражаттың жұмсалуы туралы есеп береді.
Қанат Махамбет