Қызылорда қаласында өткен жиында ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыға түскен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президенттің пікірінше, ұлт болашағын айқындайтын ең өзекті шаруалар енді басталмақ. Сондықтан, жұдырықтай жұмылып, бірауыздан елге қызмет етуіміз керек.
– Қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен аталса, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық Құрылтайдан соң Сыр өңірі жұртшылығы, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен жастар Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, арнайы хат жолдады.
Қызылорда халқының алғысын жеткізген хатқа қол қойғандар арасында Қазақстанның Еңбек Ерлері А.Ералиев, И.Шағыртаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Еңбек ардагерлері Ж.Шарипов, С.Имандосов, зиялы қауым өкілдері, Қызылорда облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, айтыскер ақындар М.Ниязов, М.Сұлтанхан, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері және жастар бар.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Елеусінов аталған жиынның ел үшін өте маңызды болғанын еске алды.
– Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда мемлекетіміз үшін маңызды тарихи шешімдер қабылданды. Бұған дейінгі өткен Құрылтай жиындарында қоғамда сол кезеңдерде қалыптасқан мәселелер талқыға түсіп, оны шешу жолдары ұсынылып келген болатын. Қызылорда Құрылтайында Мемлекет басшысы алдағы онжылдықтарды қамтып, елдің даму бағытын түбегейлі өзгертетін стратегиялық ұсыныстар жасады. Ол ұсыныстар бойынша мемлекеттік басқару архитектурасы қайта жасақталып, еліміздің басқару жүйесі ауқымды жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуы көзделген. Яғни, басқару жүйесін сапалы жоғары деңгейге шығару мақсаты қойылды.
Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдағы еліміздің экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, экономиканың 6,5 пайызға өсіп, елдегі ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асқанын, ал, жан басына шаққандағы үлес Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болғанын, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындағанын атап өтті, – деді ол.
"...Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды". Бұл – Мемлекет басшысының өз сөзі. Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Бауыржан Елеусінов Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
– Әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленіскен жағдайында еліміздің саяси жүйесін нығайтып, мемлекеттік басқару архитектурасын сапалы жоғары деңгейге көтеруге бағытталған Президент ұсынған стратегиялық шешімдерді қолдаймыз. Өйткені, бұл шешімдер – ел тәуелсіздігінің баянды және болашағының жарқын болуының кепілі. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, Қызылорда Құрылтайының шешімдерін жүзеге асыруға жұмыла кірісу керек, – деп сөзін толықтырды білім саласының ардагері.
Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылымды дамыту мәселесіне тоқталды.
– Осыған дейінгі Ұлттық құрылтайларда көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен іске асып келеді. Ендігі мәселе – ғылымды экономикаға бейімдеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды саралағанда ғылыми тақырыптар экономика сұранысын емес, ғалымдардың мүмкіндігіне қарай қалыптасатыны байқалады. Ұлттық ғылым академиясы форсайт тәсілінің тұрақты жоспарлау құралына айналдыруға қол жеткізді. Екі жыл ішінде өңірлік және салалық сессиялар өткізіп, 220 перспективалы міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірледік.
Осыған дейін жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан көптеген ғылыми мектептен айырылып қалдық. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы "Korea Institute of Science and Technology Information" ұйымымен бірлесіп "AI SilkNet" орталығын құрды. Бұл бізге әлемдегі жаңа технология туралы кеңінен дерек алуымызға мүмкіндік береді. Ғылымдағы озық технологиямен қатар күні өткен әдістерді де осы орталық арқылы анықтап, өзімізге тиімдісін таңдай аламыз. Бүгінгі сессия отырысында алда осы бастаманы дамытып, Орталық Азиядағы қызмет ететін ақпараттық орталыққа айналдыруға болатыны жөнінде ұсыныс айттым, – деді ол.
Шыны кеерк, өңірлік ғылымды дамыту алда тұрған үлкен мәселенің бірі саналады. Қазақстандағы ғалымдардың дені Астана мен Алматы қаласында тұрады. Сол себепті, бөлінген қаржының көп бөлігі де осы қалалар үлесінде кетіп жатыр. Ұлттық ғылым академиясының президенті осы мәселені шешуге күш жұмсау керегін ашық айтты.
Ал еңбек ардагері, "Парасат" орденінің иегері Сәби Аңсат Мемлекет басшысының руханият пен мәдениет саласына қатысты ой-пікірлерін ерекше құптайды.
– Президентіміз мәдениет деген ұғымды тек театр мен музеймен шектемей, ең алдымен адамның дүниетанымы мен ішкі болмысына қатысты екенін атап өтті. Шынында да, кітап оқу ой-өрісті кеңейтеді, ал мәдениетті болу көркем мінез бен ұлттық құндылықтарды қастерлеуден басталады. Салт-дәстүрді саралап, тарих пен рухани мұраны бағалай білу – нағыз мәдениеттің көрінісі. Осы бағыттағы бастамаларды қолдап, әр азамат өз дүниетанымын кеңейтуі керек деп есептеймін. Құрылтай барысында мемлекеттік кеңесші лауазымына қатысты да жаңашылдық жарияланды. Бұл жайт қоғамда түрлі пікір туғызды.
Ал өңірлерге келер болсақ, Мемлекет басшысы Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Президенттің бұл сөзі құрылтайға қатысушылар тарапынан зор қолдау тауып, залда отырғандар шынайы ықыласпен қол соқты, – деді ол.
Қорытындыласақ, Мемлекет басшысы әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынын әрдайым айтып жүр. Сол себепті, естір құлаққа есті сөз бар. Енді керегі, арқаны кеңге салмай, ел үшін, ұлт үшін қызмет қылу ғана.