Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 14%-ға артты

804

Елдегі 1249 қойманы жетілдіруге жеңілдетілген несие берілмек. 

Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 14%-ға артты

Бұл туралы АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының м.а. Сауле Жұрынова мәлім етті.

"2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі ақшалай мәнде 1,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға жоғары. Мәселен, қайта өңделген күріш өндірісі 54,5%-ға, шұжық өнімдері 19,5%-ға, салқындатылған балық 2,2 есе немесе 121%-ға, сары май 14,5%-ға, макарон 11%-ға, жармалар 10,7%-ға, ет және тағамдық өнімдер өндіру 8,7%-ға өсті", – деді ол. 

Бұл ретте өндіріс көлемі артса, кей азық-түліктің бағасы неге қымбаттай бастады деген заңды сауал туады. Сауле Жұрынова өнімдердің қымбаттауына өндіріс көлемі әсер етпегенін айтады. Оның сөзінше, бағаның құбылуына өнімге тікелей әсер ететін қызметтер құнының өсуі, тұрақсыз жеткізілімдер, карантин жағдайында сұраныстың артуы ықпал еткен.

"Сондықтан халықты көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи қоймалар салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаттылығы 1,9 млн тоннаны құрайтын 1249 қойма жұмыс істеп тұр. Осы қоймаларды жетілдіру үшін жеңілдетілген несие беру көзделген және сақтау орындарын салу кезінде 25%-ға өтеу түрінде инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылуда", – деді департамент директорының міндетін атқарушы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу