"Бәйтерек" зымыран кешені келер жылы қаржыландырылмақ

1704

"Бәйтеректен" "Союз-5" зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы 2022 жылдың соңына белгіленген. 

"Бәйтерек" зымыран кешені келер жылы қаржыландырылмақ

Қазақстан 2020 жылы қазақстандық-ресейлік "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама экономикалық сараптама оң нәтиже көрсеткен жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері хабарлады. 

"Қазіргі уақытта "Бәйтерек" жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі экономикалық сараптамадан өтуде. Экономикалық сараптама оң нәтиже көрсетсе, 2020 жылы қаржыландыру басталады деп жоспарлануда", – деді ведомство өкілдері.

"Бәйтеректен" "Союз-5" зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы 2022 жылдың соңына белгіленген. 

"Бәйтерек" – Байқоңырда Қазақстанға тиесілі ғарыштық-зымыран кешенін құру жобасы, одан Ресей зымырандарын ұшыру жоспарланған.

Еске сала кетсек, 2016 жылы еліміз Ресеймен "Бәйтерек" жобасының жаңа нұсқасын жүзеге асыруға келіскен болатын. Бұл құжат бойынша, қазіргі "Зенит-М" ғарыштық зымыран кешенінің нысандарын қолдану және федералдық ғарыш бағдарламасы аясында құрылатын Ресейдің орташа деңгейлі ұшыру аппаратын пайдалану туралы келісілді. 

Жобаның шарттарына сәйкес, ресейлік тарап жаңа зымыран-тасығышын құрастыруға (шамамен 500 млн доллар, 2018 жылдың шілдесінде 61,2 млрд рубль деп хабарланған), ал қазақстандық тарап "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешеніндегі жерүсті нысанның құрылысына жауап береді. 

2017 жылдың қазан айында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Марат Нұрғожин ел қазынасынан бұл жобаға шамамен 280-310 млн доллар бөлінеді деп жариялаған еді. 

Бастапқыда "Бәйтеректен" алғашқы ұшырылым 2025 жылы жүзеге асырылады деп болжанған болатын. Кейін ресейлік тарап жұмыс барысын тездетіп, оны 2022 жылға ауыстыруды ұсынды.  

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу