Балаға күш көрсеткен тәрбиешілер неге жазасыз қалады?

386

Бүлдіршіндерді ұрып-соққан балабақша тәрбиешілері тағы да жазасыз қалды. Ата-аналар құқық қорғау органдарына шағымданғанмен, әзірге нәтиже жоқ. 

Балаға күш көрсеткен тәрбиешілер неге жазасыз қалады?

Бұл жантүршігерлік жайт осыдан 1 жарым ай бұрын "Балам-ай" мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығында болған. Тәрбиешіден қорлық көрген балалардың қатарында 4 жасар Асылым да бар. Анасы Үміт бірде қызының аяғы көгергенін байқапты. Алайда, өзі құлап не соғып алған шығар деп топшылаған. Соңғы кездері бала орталыққа барарда жылайтынды шығарыпты. Тәрбиешілерге сенгендіктен, мұның бәріне аса мән бермедім,-дейді Үміт Аханаева. 

"Жұлқынып, отырғызып, ұрып жүрді. Оны тіпті видеодан байқаған шығарсыздар. Бұлар кіп-кішкентай балалар ғой. Ерекше балалар болғаннан кейін біз бұларды мәпелеп өсірдік. Иә, бәріміз пенде болғаннан кейін қателесеміз. Бірақ мұндай зомбылықты көргеннен кейін менің сөзім жоқ. Тек қана бір статьямен емес, бірнеше статьямен жазаланғаны дұрыс. Ертең бізден кейін басқа да балалардың зәбір көрмесіне кім кепіл?", дейді ата-ана.

Видео жария болғаннан кейін тәрбиеші жұмыстан қуылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Дәл осындай оқиға Өскеменде де болған. Онда да баланың құлағын бұрап, күш көрсеткен тәрбиеші қызметінен кетті. Ал жауапты ведомство әзірге тек тексеріс жүргізумен шектеліп отыр. 

"Балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған барлық балабақшалар мен орталықтарға мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл мониторинг топтарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтың департаменттердің, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болады", дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің бас сарапшысы Айнұр Смағұлова.

Былтыр балаға әлімжеттік көрсеткені үшін 8 адам әкімшілік, 36 маман тәртіптік жауапқа тартылыпты. Балабақшалар саны 400-ге артқанын ескерсек, беті ашылмай қалған қанша оқиға барын есептей беріңіз. Жалпы биыл тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге көп көңіл бөлініп отыр. Міндетті аттестация енгізілді, жалақы 30 пайызға өспек. 

"Қандай да бір өзгеріс алып келері сөзсіз. Бірнеше жыл қатарынан балалармен жұмыс істегісі келетін мамандарды даярлай бастаймыз. Осы уақытқа дейін жоғалтқанымыздың орнын толтыра алмасақ та, алдағы уақытта қателік жібермеуіміз үшін қазіргі қабылданып жатқан шешімдердің маңызы зор. Себебі, жалақы төмен болғандықтан білікті маман тапшылығы бар. Сапа жағынан да проблемалар жетерлік", деді ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин.  

Балалар құқығын қорғау омбудсменінің айтуынша, қазіргі таңда жеткіншектерге күш көрсету оқиғаларының бірінен соң бірі қайталануының бір-ақ себебі бар. Ол - балабақша, ерекше балаларды оқыту орталықтары сынды мекемелердің кәсіпкерлік кодекс аясында тексерістің барлық түрінен босатылуы. Сондықтан бала құқығына келгенде бұл біреудің жекеменшік кәсібі болса да, ешкім бақылаудан тысқары қалмауы тиіс,-дейді мамандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу