Нұр-Сұлтанда ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы.
"Елордада қолданыстағы ипподром базасында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты кешенінің құрылысы басталды. Кешен жабық манежден, мінбе мен жаттығу алаңдарынан тұрады. Жоба мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылады",– делінген хабарламада.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ипподром базасын үш бағыт бойынша дамытатынын атап өтті. Олар: иппотерапия, ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және оларға дайындау, сондай-ақ туристік бағыт.
Айта кетсек, елордада ерекше күтімді қажет ететін 5,5 мың бала бар. Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту үшін 2 оңалту орталығы салынады. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, емхана сынды және т. б. әлеуметтік нысандар ашылады.