Балық экспортын 300 мың тоннаға жеткізу керек – Асқар Мамин

734

Қазір жылына 30 мың тонна балық сыртқа саудаланады.

Балық экспортын 300 мың тоннаға жеткізу керек  – Асқар Мамин

Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздің балық саласын дамыту перспективалары қаралды. Саланың жай-күйі туралы баяндаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың дерегіне сүйенсек, еліміз қазір жылына жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен $60 млн сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттап отыр.

"Негізінен біз балық филесін, кептірілген-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай потенциалды нарықтар бар", – дейді М. Мырзағалиев. 

Премьер-министр балық өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Үкімет басшысы бұл шаруашылықтың АӨК құрылымында негізгі саланың біріне айналуға, экспорт көлемі 10 есе – 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орны құрылуға тиіс екенін атап өтті.

Үкімет басшысы биылғы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді тапсырды, онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуге тиіс.

Айта кетсек, қазір Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветка, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауы елдеріне тиесілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу