Баянауыл ауданындағы қола дәуіріне жататын ежелгі археологиялық орынның тас-талқаны шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. Мұны алғашқылардың бірі болып өлкетанушы Марина Каримова байқады.
"Мен Кемпіртаста жиі боламын. Бұл жолы келгенімде тастардың аударылып жатқанын байқадым. Әлдекімдер оларды итеріп, лақтырғандай көрінеді. Оның сакралды орын әрі мемлекет тарапынан қорғалатын аймақ екені туралы еш жерде жазылмаған. Бірақ ескерту белгілері болмаса да аталмыш шыңның қазбалар жүргізілген орын екенін аңғару қиын емес", - дейді Марина Каримова.
Археолог Елена Тушева бастаған ғылыми топ бұл аумақта соңғы үш жыл бойы қазба жұмыстарын жүргізіп, мұнда б.з.д. ІІ мыңжылдықта қорым болғанын анықтады. Осы аумақтан ежелгі әшекейлер, андронов мәдениетінің белгілері байқалатын керамикалық ыдыстар және тағы басқалары табылды.
"Бұл жерде археологиялық ескерткіштердің тұтас кешені жатыр. Туристер тұрақты түрде келіп, тарихымен танысады. Сондықтан алдағы уақытта ашық аспан астындағы музей ұйымдастыру жоспарда болған еді. Енді алдымен "Жасыл ел" жасағының жастарымен бірге аумақты қалпына келтіру керек. Жалпы, мұндай жағдайлар қайталанбас үшін жергілікті әкімдік тарихи орынды қоршап, байқау алаңдарын ұйымдастырып, тиісті ақпараттық белгілер орнатуы тиіс. Біз бұған дейін осындай өтінішімізді бірнеше рет айтқанмен, олардың тарапынан ешқандай жауап болған жоқ", - дейді Елена Тушева.
Павлодар облыстық полиция департаменті аталмыш факт Баянауыл аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының басталғанын хабарлады.
Тарихи және мәдени ескерткіштерге зиян келтіргендер қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Қолданыстағы заңнамада 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ажар Дәулетова