Акция аясында браконьерлік фактілері орын алуы ықтимал жерлерде стационарлық және жылжымалы бекеттер, мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылған.
"Негізгі күштерді Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістіктеріне шоғырландыру ұсынылады, өйткені бұл жерлерде браконьерлік фактілері жиі тіркеледі. Бұдан басқа, акция кезінде әуежайларда, вокзалдарда және ірі автотрассаларда балық және балық өнімдерін республикадан тыс жерлерге әкетуге бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ, республика аумағында балықтың заңсыз айналымы фактілері анықталып, жолы кесілетін болады",- деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, "Бекіре-2021" акциясы барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары табиғат қорғау заңнамасын 1262 бұзушылықты анықтаған, оның ішінде Атырау облысының аумағында - 952, Маңғыстау облысында – 137 және Батыс Қазақстан облысында-173. 862 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 қылмыстық іс тіркелген.
Акция қорытындысы бойынша балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 15,4 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, 35,7 тонна балық, оның ішінде 4,6 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 118 бірлік жүзу және көлік құралдары, сондай – ақ 3943 бірлік аулау құралдары тәркіленген.