"Бір сағаты 369 теңге": Депутат соттағы аудармашылардың жалақысы туралы айтты

234

Мәжіліс депутаты ел үкіметінен аудармашылардың өтемақысын қайта қарауды ұсынып отыр.  

"Бір сағаты 369 теңге": Депутат соттағы аудармашылардың жалақысы туралы айтты Фото: видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов сот отырысына қатысатын аудармашылардың өтемақысын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қолданыстағы заңнамада сот өндірісі бойынша кез келген азаматтың іс жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткіліксіз меңгермеген жағдайда аудармашы қызметін тегін пайдалану құқығымен қамтамасыз етеді. Яғни, сот отырысындағы аудармашы сот процесінің қатысушысы болып табылады және істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәлдігі аударманың сапасымен тікелей байланысты. Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Білікті маманды тарту оның өтемақысына тәуелді", - деді ол депутаттық сауалында. 

Оның дерегінше, қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі.

"Қаулыға сәйкес бір бетті аударғаны немесе бір сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Егер процесс жарты сағатқа созылатын болса, онда төлем осы соманың жартысын, яғни 180 теңгені құрайды Қазақстан нарығында 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы кемінде 4 мың теңгеден басталады. Ал синхрондық аударма құны 10 мың теңге маңайында. Жақында өткен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша аударма қызметінің сапа деңгейіне баршамыз куә болдық. Бүгінде сот ісіне тартылған аудармашылар осындай төмен мөлшердегі төлемге байланысты қызмет көрсетуден бас тартады. Нәтижесінде, сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға қызмет көрсетуге жалынуға тура келеді.

Тіпті жол шығындарын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздің соттары азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?!", - деп жалғастырды мәжілісмен.

Нұрсұлтан Байтілесов көршілес елдерде сот аудармашыларының бір сағаттық жұмыс ақысы 7500 теңгеден басталатынын айтты. Бұл біздің соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу