Бір жарым миллион жалақыға табылмай жатқан қай мамандық иелері?

352

Қазақстанда кибер қауіпсіздік мамандары жетіспейді. Мұндай ақпаратты Хэдхантер жариялады.

Бір жарым миллион жалақыға табылмай жатқан қай мамандық иелері? Фото: Ашық дереккөз

Еңбек нарығындағы тапшылық 2 жылдан бері байқала бастапты. Кадр жетіспеушілігінің қысқаны соншалық кей компаниялар тіпті оларға 1 жарым миллион теңгеге дейін төлеуге әзір. Алайда біреуге арман жалақының өзіне адам табылмай жатқан көрінеді. 

Қазақстанда 9 айдың ішінде мемлекеттік органмен аса маңызды нысандардың ресурстарына 163 млн 400 мың кибер шабуыл жасалған. Өткен айдың басында тіпті ел Президенті "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамына арнайы барып, елдегі ақпараттарды қорғауды арттыру туралы бірқатар тапсырма берді. Кей сарапшылар мемлекеттік органдарға жасалып жатқан мұндай заң бұзушылықтар білікті мамандардың жоқтығынан, деп топшылап отыр. Өйткені нарықта шын мәнінде киберқауіпсіздік саласында кадр тапшы.  

"Біз нарықта қандай мамандықтар трендте тұрғанын үнемі бақылап отырамыз. Әдетте бір вакансияға 5-тен артық түйіндеме келеді. Ал бұл мамандыққа жіберілетін резюмелер 3-ке жетпейді. Тапшылық неден туындап отыр десеңіз, мамандық өте жас. Сондықтан еңбек нарығында мықты мамандар қатарға қосылып үлгерген жоқ", - дейді Hh.kz маркетинг және PR бөлімінің директоры Салтанат Нам. 

Тапшылық ірі қалаларда байқалады екен. Мысалға, мұндай мамандарға іздеу салған жарнаманың 53 пайызы Алматыда, 29-ы Астана, 8-і Оралда. Ал қалған 10 пайызы қалған қалаларға тиесілі. Ұлттық киберқауіпсіздік индексінде Қазақстан 176 елдің ішінде 78-ші орынға жайғасты. 

Зерттеу нәтижесінде бізде сандық сервистерді қорғау 0 деген бағалауға ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда әскери кибероперациялар мүлде жүргізілмейтіні анықталған. Сарапшылар АТ-ға үкіметтен тиісті қолдау болмағандықтан еңбек нарығы осындай тығырыққа тіреліп отыр, дейді.

"Өзіміздің үкіметіміздің, өзіміздің нарығымыздың кибер қауіпсіздікке көзқарасы. Дүниежүзінің тәжірибесін қарайтын болсақ, АТ бюджеттерінің 10 пайызы кибер қауіпсіздік жобаларына жұмсалатынын байқауға болады. Қазақстанда қарайтын болсақ 3 пайыздың төңірегінде. 4 пайыздан аспайды. Қазақстанның бюджеті 36 есе өсу керек. Сондықтан бюджет жетіспеушіліктен әрине оған адамдар да бармайды, ол проектке жұмыс бөлінбегеннен кейін", - дейді  IT саласындағы халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов.

Бір қызығы, соңғы 2 жылда елдегі "Ақпараттық коммуникациялық технологиялар" мамандығына грант бөлу саны өскен. Мысалға, 2021 жылы Қазақстан бойынша 2 468 грант берілсе, кейінгі жылдары ол 10 мыңнан асқан. Алайда университетте тегін оқып, диплом алып шыққан түлек те сандалып қалатын көрінеді.

"Назар аударғанымен дайындаған мамандары жұмыс таба алмайды. Жұмыс тапса да, жалақысы аз болады. Жобалар қолдау таппайды. Нарық дайын болу керек қой. Кибер қауіпсіздік мамандарын дайындау санын көбейттік, сапасын ақырындап көбейтіп, нарықты да дайындау керек қой. Басын дайындап, аяғын дайындамаған дұрыс болмайды", - деді  IT саласындағы халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов. 

Осылайша, жоғары білімі болса да шарттары жанына жай келмейтін білікті кибер қауіпсіздік саласындағылар шетел асып кетеді. Биыл елден 500-ге жық техникалық маман үдере көшкен. Ал бұл үрдісті тоқтату үшін Үкімет тез арада жағдай жасауы керек, дейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу