Биыл елімізде 23,4 млн га жер егу жоспарланып отыр

486

Көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шаруалар 608,8 мың гектар жерге егін екті.

Биыл елімізде 23,4 млн га жер егу жоспарланып отыр Фото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері көктемгі егіс жұмыстарының өтуін және егіс егудің ағымдағы мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Айта кетейік, егіс жұмыстары оңтүстік өңірлерде жүргізіліп жатыр, жақын арада еліміздің басқа облыстарында да басталады. 

Бірінші кезекте өңірлерге жанар-жағар май (ЖЖМ) жөнелту мәселесі қаралды. Еске сала кетейік, көктемгі егіс науқанын өткізуге 413 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген, бұл былтырғы жылғы деңгейден 13 мың тоннаға көп. Жанармайдың бағасы ақпан айынан сәуірге дейін қоса алғанда белгіленді. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының орташа құны литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан.

Сонымен қатар, министрлік нормативтік базаны қамтамасыз ету үшін жақын арада операторларды айқындау қағидаларының және дизель отынын қалыптастыру мен бөлу тәртібінің жобасын бекітуді жоспарлап отыр.

Шаруаларды толғандыратын тағы бір маңызды мәселе - арзандатылған тыңайтқыштарға қатысты болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялардың бекітілген тізбелері мен нормаларының болмауына байланысты субсидиялауға өтінім берудің мүмкін еместігі туралы өтініштер түсіп жатыр. Кейбір облыстарда ішкі келісу рәсімдері әлі де жүргізіліп жатыр.  Ал пестицидтер бойынша бүгінде Қостанай облысы ғана тиісті қаулыны бекітті. Министр әкімдіктердің назарын фермерлерді арзандатылған тыңайтқыштармен және пестицидтермен уақтылы қамтамасыз ету үшін субсидиялардың тізбелері мен нормаларын бекітуді жеделдету қажеттігіне аударды. Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев бұл бағыттар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржыландыру қажеттігін екенін атап өтті.

Айта кетейік, көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шаруалар 608,8 мың гектар жерге егін екті,  олардың басым бөлігі дәнді және жемшөп дақылдары. Жалпы, биыл бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жер егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс алқаптары ұлғаяды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу