Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен нәрестелер өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
Жиынға өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық медициналық ұйымдардың және медициналық ЖОО өкілдері қатысты.
Өмір есігін енді ғана ашқан сәбилер өлімін азайтуға халықаралық құжаттарда, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларда басымдық берілген. Ажар Ғиният атап өткендей, 2020 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша бұл сплада оң динамика байқалады. Мәселен, биыл нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеді және 2019 жылы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 болса, биыл 7,79, ал 2020 жылға арналған
нәресте өлім-жітімі индикаторының нысаналы мәні ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 10,1 құрайды. Ал балалар өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,8%-ға төмендеді және тірі туған 1000 балаға шаққанда 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құрады.
ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес балалар өлім-жітімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 болуға тиіс.
"Аталған көрсеткіштердің маңызды аспектілерінің бірі - аналардың денсаулығын
жақсарту, перинаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап- прогрессивті моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау", - деді вице-министр.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру, оның ішінде ерте жастағы скринингтерді қолға алу жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде шаралар қабылдауда. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби білім деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғасуда.