Биыл өндіріс орындарында қаза тапқандар саны 12%-ға артты

470

1 қарашадағы жағдай бойынша, жұмыс орындарында 1119 адам жарақаттанды — алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей, ал қаза тапқандар саны 12%-ға артып, 175 адамды құрады. 

Биыл өндіріс орындарында қаза тапқандар саны 12%-ға артты Фото: inbusiness.kz

Жарақат алу жоғарғы мүмкіндігі бұрынғыдай өндіріс орындары шоғырланған — Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай облыстары мен Алматы қаласында сақталады, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Жұмыс орындарындағы бақылауды қамтасыз ету басты назарда. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, еңбек инспекторлары 5 мыңнан астам тексеру жұмыстарын жүргізді. Олардың барысында ереже мен міндеттерге сәйкес емес 8936 жағдай тіркелді, оның ішінде еңбек саласында — 6600, еңбек қауіпсіздігі — 2094, жұмыспен қамтамасыз ету бойынша — 242", — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Заңға қайшы әрекеттері үшін жұмыс берушілерге 3741 ұйғарым шығарылып, шамамен 400 млн теңгеге 2000-нан астам әкімшілік айыппұл салынды. Арнайы тергеудің 799 материалы құқық қорғау органдарына берілді, нәтижесінде 114 қылмыстық іс қозғалды. 2022-2023 жылдар аралығында қауіпсіздік техника ережелерін бұзғаны үшін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауап беретін 14 лауазымды тұлға сотталды.

"Қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға келер болсақ, 2018-2022 жылдар аралығында, яғни, соңғы 5 жылда өндіріс орындарында жарақат алған адамдар саны 6,5%-ға, ал жазатайым болғандар саны 8,4%-ға қысқарды. Ал 1 қарашадағы жағдай бойынша, жұмыс орындарында 1119 адам жарақттанды — алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей, ал қаза тапқандар саны 12%-ға артып, 175 адамды құрады. Жарақат алу жоғарғы мүмкіндігі бұрынғыдай өндіріс орындары шоғырланған — Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай облыстары мен Алматы қаласында сақталады. Экономика салалары бөлінісінде айтар болсақ, тау-кен мен құрылыс салаларында жарақат алатындар саны басым. 2022 жылғы статистика бойынша, 1 млн 600 мың жұмыскердің ішінде 491 мың адам немесе 31%-ы денсаулыққа зиян ортада еңбек етеді. Әсіресе, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарындағы жағдай көңіл көншітпейді", — деді Төлеген Оспанқұлов.

Оларға министрлік атынан арнайы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерлерге (зиян ортада еңбек ететін) еңбек сағатын азайту, жыл сайынғы еңбек демалыстары, көтерілген жалақы, ем-дом болатын арнайы тамақтану түрінде компенсация ұйымдастыруы қажет. Бұл мақсатта 2022 жылы 681 мың жұмыскер 207 млрд теңге көлемінде төлемақы алды — алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ға артық.

"Мемлекеттік бақылау нәтижелері еңбек қауіпсіздігі саласындағы ережеге қайшы жағдайлар анықталған кемшіліктердің 20%-ын құрайтынын көрсетеді. Еңбек ету ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерге арнайы қорғаушы құралдардың берілмеуі, оларды арнайы оқудан өткізбеу — басты мәселелер. Ал жазатайым оқиғалардың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, 17 тамыз күні Қарағанды облысындағы "Арселормитталдың" "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы жанып, 5 жұмыскер қаза тапты. Үкімет комиссиясы жұмыс берушінің 100% кінәлі екенін анықтап, қайғылы оқиғаға жол берген 27 лауазымды тұлғаны анықтады", — деп түсіндірді спикер.

Жоғарыдағы мәселелерді шешудің бірден бір құралы ретінде министрлік ұжымдық шарттарды қабылдауды қолданып отыр. Бүгінде ірі және орта кәсіпорындар ішінде 94,2 компанияда ұжымдық шарттар қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу