Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Зайсан ауданында жұмыс істеп жатқан қытайлықтарға келісімшарт аясында әрі қарай еңбек етуге мүмкіндік беру керек деп санайды. Бұл туралы ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Ол бойынша толық ақпаратты әкімдік өздері береді. Қазір халықпен кездесу өтіп жатыр. Жаңа ғана Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарымен сөйлестім. Әрине, инвестициялық жобалар аясында Қытай Халық Республикасынан келген серіктестер мен жұмысшылар бар. Ол бойынша ешқандай құпия жоқ. Олардың арасында жақында Қытайдан келгендері де бар. Бәрі біздің бақылауымызда. Тіркелмеген ауру адамдар жоқ. Ал бұрыннан тіркелген 3 науқас бар. Олардың жағдайы жақсы. Біздің негізгі мақсатымыз – денсаулықтары дұрыс болса, әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек. Себебі өздерінің келісімшарттары бар, жауапкершіліктері бар", – деді министр.