Бүгінде еліміздің тау-кен өнеркәсібі саласында 102 ірі компания бар. Олардың басым бөлігі елдің шалғай аудандарында жұмыс істейді. Аталған өңірлерде әлеуметтік инвестицияларды дамыту мәселелері өзекті. Ол климаттық жағдайларға, жергілікті бюджеттердің шектеулі болуына, моноқалалардың ерекшеліктеріне тікелей байланысты.
Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз бизнес пен қоғамға пайда әкелу арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы. Бұл жағдайда қаражат инфрақұрылымды дамытуға, мәдени іс-шараларды өткізуге, аз қамтылған және көмекке мұқтаж халықтың басқа да топтарын қолдауға бағытталады.
Energyprom.kz бірқатар қазақстандық компанияның әлеуметтік саланы қалай қолдайтынын зерттеген болатын.
Мысалы, "Теңізшевройлдың" әлеуметтік бастамалары Атырау облысының әрбір тұрғыны мен қоғамдастығын ынталандыруға және әлеуетін ашуға бағытталған. Компания әлеуметтік жобаларды ерікті негізде жүзеге асырады. Халыққа және аймақтарға қолдау көрсету үшін артықшылықтар алмайды. 1993 жылдан бастап "Теңізшевройл" түрлі жобаларды қаржыландыруға шамамен 2,6 млрд АҚШ доллар құйды.
Бұдан бөлек "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ халықтың осал топтарын қолдау мен әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында қайырымдылық көмек көрсететіні жазылған. 2021 жылы бұл мақсатты іске асыру үшін 938 млн теңге бағыттаған.
Ақпаратқа сәйкес, "Қазақмыс" корпорациясы орналасқан өңірлерде жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, қалалардың инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық береді.
Сондай-ақ, "ЕмбіМұнайГаз" денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бірқатар әлеуметтік жобаны қаржыландырады.