Бизнестің инновациялық белсенділігі төмен

3053

Отандық кәсіпорындар ғылыми жобалар мен жаңа технологияларды пайдалануға құлықсыз. 

Бизнестің инновациялық белсенділігі төмен

Ғылымға 68,9 млрд теңге бағытталды

Дәл қазір адамзат баласы игілігіне жаратып отырған білімнің 90 пайызы –  соңғы 30 жылдағы талпыныстың жемісі. Осы уақыт аралығында ғылымның барлық саласында орын алған тың жаңалықтар экономикалық жүйенің жаңа моделін – білім экономикасын қалыптастарды. Ол – адами капиталдың негізгі ресурсы. Бұған мына бір факторды мысал ретінде қарастыруға. Трансұлттық корпорациялар бюджетінің 25 пайызы кадрларды қайта даярлауға бағытталған шығындар екен.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, біздің елде де дамудың жаңа сапасы бірінші орында тұр. Ал бұған тек ғылым арқылы қол жеткізуге болады. Тек осы жол ғана Қазақстанды шикізатқа бағытталған экономикадан алыстатып, экономиканың жоғары технологиялық моделіне алып барады. Сондықтан, экономика мен ғылымның өзара әрекеттесуі жаңа белестерге бастайды.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда 386 ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқарған. Ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің 22,1 мыңы зерттеу жұмыстарымен, жобалар әзірлеумен айналысады. Оның 17,2 мыңы – ғылыми қызметкерлер. Олар нақты ғылыми зерттеулерді, әзірленген жобаларды жүзеге асырады. Зерттеушілердің 42 пайыздан астамы – доктор немесе ғылым кандидаты, PhD докторы секілді ғылыми атағы бар біліктілігі жоғары кадрлар.

Былтыр Қазақстанның ғылыми зерттеулерге, жобаларды әзірлеуге бөлген жалпы қаржысы 68,9 млрд теңгені құрапты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Жалпы соманың 52,2 пайызы бюджеттің үлесіне тиесілі.

Атап өтерлігі, қолданбалы зерттеулердің шығынын қаржыландыру 14 пайызға, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру 1,4 пайызға ұлғайған. Осылайша, былтыр қолданбалы зерттеулерге бөлінген қаржы 40,9 млрд теңгені, ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру 17,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, ғылыми зерттеулерді мемлекеттік тұрғыдан қолдау мен дифференциялды көзқарас та өз нәтижесін беруде. Атап айтқанда, базалық, бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландырулар сенімді ақтауда.

Осы орайда, қаржыландырудың әлеуетті бағыттарын ел үкіметі жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия анықтайды. Әлеуетті бағыттар елдің стратегиялық бағыттарымен және индустриялық-инновациялық дамудың стратегиялық жоспарлары байланысты болуы шарт.

Отандастарымыз 201 патент пен 21 авторлық куәлік алды

Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мәліметтеріне сүйенсек, ғылыми-техникалық бағдарламалар қоры 778 бағдарламаны қамтиды. Оның 463-і салалық, 233-і іргелі зерттеу, 39-ы  салааралық, 22-сі мақсатты, 13-і іздестіру, 4-і өңірлік, 2-і мемлекеттік және 2-і мемлекетаралық бағдарламалар.

2017 жылы елімізде 103 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылды. Аталған бағдарламалар бойынша ұсынылған есептердің 15 пайызы мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан жоғары баға алды Дәлірек айтсақ, бағдарламалардың 41 пайызы 32 баллдан жоғары баға алды. Ал 53 пайызы орташа шектік бағаны, 2 пайызы төмен деген бағаны иеленді. Аталған бағдарламалардың әкімшілік тұрғыдан ұйымдастырылуына 6 министрлік жауапты. Бағдарламалардың жартысынан астамына (55 пайыз) білім және ғылым министрлігі әкімшілік етті. 28 пайызы ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми үйымдарымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ ғылыми-техникалық бағдарламалардың ұйымдастырушылар қатарында инвестициялар және даму министрлігі, энергетика министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бар.

2017 жылы аяқталған ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша 222 қорғау құжаты алынды. Атап айтқанда, отандастарымыз 201 патент пен 21 авторлық куәлік алды. Бағдарламаларды орындаушылардың жартысына жуығы (45 пайыз) патенттерін қорғады. Бұл ретте, ең көп патент ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламаларына бұйырды. Министрлік 148 патент алды. Бұл – жалпы көрсеткіштің 74 пайызы. Сонымен қатар, білім және ғылым министрлігі 42 патентке ие болды. Атап өтерлігі, төрт бағдарламаның орындаушылары өз нәтижелерін шет елде қорғап, патенттеді. Осылайша, бізде 7 шетелдік патент бар. Оның біреуі – еуропалық, екеуі – еуразиялық. Ал қалғаны Қытай, Индонезия, Ресей, Сингапур елдерінде алынды. Алынған патенттер мен авторлық куәліктер энергетика, металлургия, химиялық технологиялар, мұнай-химия, биотехнология, машина жасау, фармацевтика салаларына тиесілі.

Ғылыми-техникалық бағдарламалар негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға бағытталған. Шығындардың жалпы құрылымындағы олардың үлесі 80-90 пайызды құрайды. Ал тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен жобаларды енгізудің шығыны жалпы алғанда 10 пайызға ғана тең. Дегенмен, ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындаушыларда 29 бағдарламаның қорытындысы бойынша жобаны іске қосу туралы 86 акт бар. Яғни, 2017 жылы аяқталған бағдарламалардың үштен бірі тәжірибеге енгізген. Бұл жерде де ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша жүргізілген жұмыстардың белсенді түрде енгізілгенін байқауға болады (63 пайыз). Яғни, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа түрлері, ауыл шаруашылығы машиналары мен құрылғылары, жануарлардың жаңа тұқымдары тәжірибе енгізілген.    

Гранттық қаржыландыру аясындағы үш жылдық ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша біршама оң нәтиже алынды. Атап айтқанда, 1,5 мыңнан астам ғылыми жоба 1154 қорғау құжаттарына ие болды. Бұл дегеніміз – 577 патент, 411 авторлық куәлік және 166 пайдалы модель. Бұлардың 367 жобасы немесе жалпы жобалардың 24 пайызы тәжірибеге енгізілді. Өкінішке қарай, қалғандары ғылыми есеп немесе техникалық шешімдер күйінде қалып отыр.

Инновациялық белсенділікті арттырмай нәтиже жоқ

Жалпы, жаңа технологияларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу – үш жақты процесс. Бұған мемлекет пен ғалымдар, сондай-ақ бизнес қауымдастық мүдделі болуға тиіс. Бұл жерде бизнестің қандай қатысы бар дерсіз. Қатысы бар. Яғни, ғалымдар ойлап тапқан жаңашылдықтарды кәсіпкерлер игеріп, нарыққа бәсекеге қабілетті өнім ұсынуы керек. Мұны кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі деп те атауға болады.  

Статистика комитетінің деректерінен ұққанымыз, отандық бизнес дайын технологияларды, бағдарламалық қамтамасыз ету мен құрылғыларды пайдалануға құлықты емес. Мәселен, 2011 жылы отандық кәсіпорындар бұл мақсатқа барлық инвестициялық қаржының тек 33 пайызын ғана жұмсаған. 2016 жылы көрсеткіш айтарлықтай ұлғайып, 72 пайызға жеткен. Ал жаңа өндірістің дайындық жұмыстарымен байланысты нарықты маркетингтің тұрғыдан зерттеу, өндірістік жобалау, қызметкерлерді оқыту секілді шаралардың шығыны мәз емес, бар-жоғы 7 пайыз ғана. 2016 жылы технологиялық инновацияға 1528,6 млрд теңге жұмсалған екен. Оның тек 3 пайызы ғана ғылыми зерттеулерге, жаңа өнім шығару үшін өндірісті дайындауға, жаңа қызметтерді енгізуге бағытталған.

Жалпы алғанда қазақстандық кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 9,3 пайызды құрады. Ал салыстырмалы түрде айтар болсақ, Беларусь елінің 2015 жылғы көрсеткіші 21,1 пайызға тең. Дамыған елдердегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 50-70 пайызды құрайтынын атап өткен жөн.

Тағы бір қызық жайт, 2016 жылы кәсіпкерлердің инновациялық жобалардан хабардар болу деңгейі де тым төмен болған. Инновацияға деген қызығушылықтың болмауының негізгі себебі ретінде қаржыландырудың аздығын, қызметкерлердің біліктілігінің төмендігін, инновациялар туралы ақпараттың аздығын, маркетингтің зерттеулердің жоқтығын және инновацияға деген сұраныстың мардымсыздығын атауға болады. Басқаша айтқанда, отандық ғылым мен өндіріс арасында берік байланыс орнатылмаған.

Шетелдік инвестиция ағыны артуда

Жаңа экономикалық жағдайда инвестор тартудың негізгі бағыты экономиканың шикізаттық секторы емес, ғылыми-техникалық қызмет болуға тиіс. Себебі, соңғы уақытта шетелдік инвесторлар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаржы салуын үдете бастады. 2012-2017 жылдар аралығында шетелдік инвестиция көлемі 4 есе артқан. Еліміздің инвесторлар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттаған жалпы қаржысындағы үлесі 1,8 пайызды немесе 1,3 млрд теңгені құраған.

Дей тұрғанмен, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығын жыл сайын артқанымен, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі тым төмен. Алдын ала жасалған қорытындыларға сүйенсек, бұл көрсеткіш 2017 жылы 0,13 пайызды ғана құраған. Ал әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде аталған көрсеткіг 3-4 пайызға тең.

ХХІ ғасырдың басында дамыған елдерде компьютер мен құрылғылар өндірісі, телекоммуникация құралдары, фармацевтика, аэроғарыш секілді ғылымды қажетсінетін салалардың қайта өңдеу өнеркәсібіндегі көлемі 10-18 пайызды құраған. Ал қызмет көрсету бағытындағы ғылымды қажет ететін салалардың үлесі жалпы көлемнің 30 пайызына тең болған. Тағы бір мысал. Microsoft фирмасының негізгі қорларының бухгалтерлік құны 150-200 млрд долларды құрайды. Ал компанияның 2017 жылғы нарықтағы бағасы 600 млрд теңгеден асқан. Яғни, идея мен білім компанияның кірістілігін 3-4 есе арттырады. Отандық кәсіпкерлердің осыны қаперде ұстағаны дұрыс-ау.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу