Батыс Қазақстан облысында бес мектеп үш ауысымда оқытады, жеті мектеп апаттық жағдайда тұр. Мәселені шешу үшін он мектеп түрлі қаражат көздері арқылы салынып жатыр, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Облыста балалар игілігіне берілетін он мектептің екеуі республикалық бюджеттен бөлінген субвенциялар есебінен, төртеуі "Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы" бағдарламасы шеңберінде, екі мектеп жергілікті бюджет қаражатынан, тағы екі мектеп құрылысы жеке инвесторлар есебінен салынуда. Оның төртеуі Орал қаласында, қалғандары аудандық жерлерде орналасқан.
"Жыл соңына дейін 4 мектептің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, олар: Казталов ауылындағы 600 орындық, Орал қаласындағы 300 орындық, Казталов ауданы Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектептер мен Янайкин ауылындағы білім мекемесінің екі қабатты жапсаржайы. Соның арқасында, алдағы оқу жылында екі мыңға жуық оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттайтын болады, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев. Сондай-ақ, мемлекет қаражаты есебінен бой көтеретін сегіз мектептің құрылысына 4 860,696 млн.теңге бөлінген.
Сонымен бірге, өңірде білім беру ұйымын салуға инвесторлар іздестірілуде. Осы мақсатта кәсіпкерлерге жеке мектеп салудың тиімділігі, жұмсалған қаржының өтелетіні түсіндіріліп жатыр. Әрине, ол үшін басты қойылатын талап - білім мекемесінің бағытын 20 жыл бойына өзгертпей сақтау.
"Инвестор жеті жылға 6 пайызбен қарыз ала алады. Төлемдер бойынша 24 айлық демалыс беріледі. Жоба сомасының тек 10 пайызын инвестициялап, ғимарат құрылысын бастауға мүмкіндік бар. Қалған 90 пайызын жеңілдікті пайызбен банктік несие есебінен алуға болады, – дейді "Ақжайық" ӘКК басқарма төрағасы Әлімжан Тохтасунов.
Белгілі болғандай, мұндай жағдайда мектеп кәсіпкердің меншігінде қалады және ол қаражатын ақылы үйірмелер, курстар ашу, тамақтандыру, спортзал мен бассейнді жалға беру сияқты жолдармен де қайтара алады.
Құралай Қуатова