БҚО-да күрт қымбаттаған жанар-жағармай құны нан бағасының өсуіне әкеп соқтырды. Оған биылғы жаздағы құрғақшылық та кері ықпалын тигізіпті, деп жазды inbusiness.kz.
Қазіргі күні өңірде "Котова" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі ұн және нан өнімдері қазан айынан бастап 10 теңгеге, 3-4 сыныпты бидай сорттары 80 теңгеден 110-120 теңгеге көтерілген. Алдағы уақытта басқа наубайханалардың да өнімдерінің бағасын өсіретіні белгілі болып отыр. Белгілі болғандай, олардың өзі ұнның әр келісін бұрынғыдай 145 теңгенің орнына 187 теңгеден сатып алған. Оның үстіне, "Желаев" элеваторындағы ұн да таусылыпты.
"Астық бағасына құрғақшылық әсер етіп отыр, биыл жазда жылдағыдан екі-екі жарым есе аз астық жинадық, оның да барлығы бірдей жеуге жарамды, сапалы емес. Қазіргі күні біз Ресейдің астық жеткізіліміне 60-70% тәуелді болып отырмыз", – дейді "Белес Маркет" ЖШС басшысы Талғат Құбаев.
Белгілі болғандай, астықты өндіру процесінің 60 пайызына дейін дизель отыны жұмсалады екен. Сол себепті аймақтағы жанар-жағармай бағасы бидай және ұн өнімдерінің өзіндік құнына тікелей әсер етіп отыр. Өкінішке қарай, дизель отынының бағасы түспек тұрмақ, тұрақталатын да түрі жоқ. Соңғы күндері жанармай бекеттерінде 194 теңгеден 260 теңгеге көтерілген бензиннің бір литрі кей жерлерде 289 теңгеден сатыла бастаған. Онда да талон арқылы немесе 100 литрге дейін ғана беріледі. Әзірге бұл нарықтағы жағдай елдің батысында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары бітіп, зауыт толық қуатында жұмысқа кіріскен кезде алыпқа түседі деп түсіндірілуде. Ал сарапшылар бұл қарқынмен 2022 жылы нанның бір бөлкесінің бағасы 200 теңгеге дейін жетеді деп болжап отыр.
Құралай Қуатова