БҚО Ресейде дерттің қайта күшейгенінен қауіптеніп отыр

589

Облыс шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейтпек 

БҚО Ресейде дерттің қайта күшейгенінен қауіптеніп отыр

БҚО-да Қазақстаннан Ресей шекарасына өту үшін жалған жүргізушілік куәлігін жасатқан алты дерек анықталып, полицияға тапсырылған. Ресейдің шекаралас аймақтарында короновирус инфекциясының күшеюіне байланысты облыс карантин шараларын қайта күшейтуде.

БҚО-да тек қана қыркүйек айында тоғыз өткізу пункті арқылы 80 мыңдай адам мен 55 мың көлік шекарадан әрі-бері өтіпті. Сондай-ақ, көршілес орналасқан РФ Самара облысына өңірден емделу, басқа да мақсаттармен қатынайтындар көп. Алайда көрші елде дерттің қайта өрши бастауы оралдықтарды алаңдатып отыр. Себебі БҚО-да көктемде ең алғашқы COVID-19 инфекциясын жұқтыру деректері өңірдің Ресейде, сондай-ақ, Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жасайтын тұрғындары мен облыс арқылы елдеріне өткен Өзбекстан азаматтарында тіркелген болатын. Бұл жолы да қыркүйек айында анықталған төрт корновирус дерегінің сырттан келгені мәлім болды. Мұның екеуінде науқастар дертті Оренбург, тағы екеуінде Самара облысынан алып келген. 

"Өткізу пунктерінде маска кию, термометрия және әлеуметтік қашықтық режимдері қатаң сақталып отыр. Соған қарамастан, коронавирустың әкеліну және таралу қаупі жоғары болып тұр. Инфекцияның негізгі тасымалдаушылары – Еуропадан Қазақстан арқылы, Ресей арқылы транзитпен өтетін жүк көлік құралдарының жүргізушілері болуы мүмкін деп ойлаймыз. Сонымен қатар, жаңа жылға қарай тауарлар таситын жүк ағыны көбеюі ықтимал",  деген болжам жасайды ҚР ҰҚК БҚО бойынша шекара қызметі департаментінің басшысы Бауыржан Рысбеков. Сол себепті, ол бұған дейінгі карантин мен төтенше жағдай кезіндегі енгізілген шараларды қайтадан қалпына келтіру керек деген ұсынысын айтып отыр. Ол бойынша, транзиттік көлік облыс аумағында тоқтамауы, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері жолшыбай дүкен, автосервис, кемпингтерге кірмеуге тиіс. 

Сол сияқты, биыл облыста жұқпалы дерттің алдын алу үшін жылу маусымы жылдағы мерзімінен ертерек қосылмақ. Қазіргі күні әлеуметтік нысандарда тегіс жылу беріліп, тұрғын үйдер 93 пайызға дайын тұр екен. Бұл өз кезегінде тұмау көрсеткішінің де азаюына ықпал етіп, инфекциялардың қат-қабат келуін тежейді деп күтіліп отыр. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу