"Болашақ" стипендиясын тағайындау тәртібі өзгереді

895

"Болашақ" бағдарламасының басым мамандықтар тізбесі бұдан былай еліміздің еңбек нарығындағы қажеттіліктерді болжай отырып әзірленеді.

"Болашақ" стипендиясын тағайындау тәртібі өзгереді

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу және стипендияны тағайындаудың жаңа қағидалары қабылданғанын мәлім метті.

Өзгерістер ең алдымен бағдарламаның ашықтығы мен әділеттілігін арттыруға, барлық үміткерлер үшін теңдей мүмкіндік ұсынуға және бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған.

"Болашақ" бағдарламасының басым мамандықтар тізбесі бұдан былай еліміздің еңбек нарығындағы қажеттіліктерді болжай отырып әзірленеді. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарға бөлінетін стипендия саны шектеліп, инженерлік-техникалық, IT және медициналық мамандықтарды оқуға көбірек көңіл бөлінеді.

Үміткерлер ендігәрі U.S. News Best Global University Ranking елдік рейтингтеріне сәйкес кемінде 65 баллға (Global Score) ие болған немесе ЭЫДҰ-ның топ-50 және ARWU, THE QS, US News рейтингтерінің топ-50 қатарындағы танымал жоғары оқу орнына түсіп, шартсыз шақыру алуға тиіс.

Тағылымдамадан өту тәсілі де өзгерді. Енді тағылымдамадан өту үшін тек жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар жетекші ғылыми орталықтар мен зертханаларға да баруға болады.

Үміткер GPA бойынша шетелдік жоғары оқу орнының талаптарына сай келсе, іріктеу барысында GPA растаудың қажеті болмайды.

Үміткер 6 турдың орнына 3 турдан (кешенді тестілеу, тәуелсіз сарапатамалық комиссия және Республикалық комиссия) өтеді. Құжаттарды қабылдаудан бастап стипендия тағайындалғанға дейінгі бүкіл процестің нәтижелерін үміткер автоматтандырылған жүйедегі жеке кабинетінде қадағалай алады.

Енді шет тілі білімінен тест тапсырудың қажеті жоқ. Ал мемлекеттік тілді меңгергенін Қазтест сертификатын ұсынып, растайды.

Тәуелсіз сараптамалық комиссия жұмысының жаңа регламенті енгізіліп, комиссия мүшелерінің саны 3-тен 5-ке дейін артады. Үміткерлермен әңгімелесу президенттік кадрлық резервке іріктеу үлгісі бойынша автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі.

Тілдік дайындықтан алдын ала өтуге тек ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлерге ғана рұқсат етіледі. Тіл курстары тек Қазақстан аумағында ғана жүргізіледі. Шет тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талап та артады.

Сондай-ақ, барлық квоталық санат жойылды.

Қағидаларды бекіту туралы Үкіметтің қаулысымен толығырақ zan.gov.kz сілтемесі арқылы өтіп, танысуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу