Британдық бес компания Қазақстанның жер қойнауын зерттеп жатыр

651

Қазақстанда жаңа кен орындарын іздеу мен ашу 15 жылдан 20 жылға дейін созылуы мүмкін. 

Британдық бес компания Қазақстанның жер қойнауын зерттеп жатыр Фото: freepik

Бұл туралы "Қазақпарат" агенттігіне ҚР-дағы Ұлыбритания Елшілігінің сауда және инвестиция мәселелері жөніндегі директоры Бэт Маккендрик айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, аталмыш жоба 2023 жылғы наурызда Астана мен Лондон арасында жасалған сыни минералдар саласындағы стратегиялық әріптестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум негізінде және 2024 жылғы наурызда қабылданған осы саладағы ынтымақтастықтың Жол картасына сәйкес жүзеге асырылады.

Маккендрик келісімнің үш негізгі бағытын атап өтті. Біріншісі – Ұлыбритания Kazakh Invest компаниясымен белсенді ынтымақтасатын инвестициялық жобалар. 

Екінші бағыт – Британдық геологиялық қызмет пен Қазақстанның Ұлттық геологиялық қызметінің геологиялық деректерді цифрландыру жобасындағы бірлескен жұмысы, сол арқылы шетелдік инвесторлар үшін ақпаратқа қол жеткізу жеңілдейді. 

Үшінші бағыт – білім беру саласындағы ынтымақтастық, оның шеңберінде академиялық өзара іс-қимыл жасау үшін Сәтбаев атындағы Университет пен Шығыс Қазақстан техникалық университеті сияқты қазақстандық тау-кен өнеркәсібі жоғары оқу орындары мен Ұлыбританияның жетекші оқу орындары арасында келісімдерге қол қою жоспарлануда.

"Біз Қазақстанның әлемдік аренада танымалдылығын арттыруға және жас тау-кен компаниялары үшін геологиялық барлау процесін қолжетімді етуге тырысамыз. Қазірдің өзінде Қазақстанда беске жуық британдық тау-кен компаниялары жұмыс істейді. Деректерді цифрландыру жобасы көптеген компанияларға ақпаратқа қол жеткізуге көмектеседі", - деді Маккендрик.

Ол Қазақстанда жаңа кеніштерді іздеу мен ашу 15 жылдан 20 жылға дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Ұлыбритания, оның айтуынша, Қазақстанды алдағы 15-20 жылда аса маңызды пайдалы қазбаларды игерудегі стратегиялық әріптес ретінде көреді.

Маккендрик Қазақстанның вольфрам, уран және палладий сияқты сирек минералдарды, сондай-ақ электромобильдер мен басқа да өнімдерге арналған аккумуляторларда қолданылатын мыс, никель мен кобальтты әлемдік сұранысты өтеудегі маңыздылығын атап өтті.

"Қазақстан мыс пен никель саласында үлкен әлеуетке ие және сирек металдарды өндіруді белсенді дамытуда", - деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу