Меңдіқара ауданының Байғожа, Құлшықай атты ауылдарда 79 бас ірі қарадан індет анықталды. Ауру малдың етін иелері екі есе арзан бағасына сатуға мәжбүр. Бұл елді-мекендердің халқы малмен күн көреді. Табысынан қағылған тұрғындар ел шетінен үдере көшуі мүмкін.
Бес баласы бар Бекмұхамбетовтар отбасының жалғыз табыс көзі мал бағып, күнелту. Олардың 10 ірі қарасынан бруцеллез анықталып, мына қоражайда сиырлардың ноқталары ғана қалған.
Отанасы Назгүл Бекмұхамбетова енді сиыр тұратын орындарда тауық жұмыртқасын жинаумен айналысып жүр. 20 ірі қараның 10 басынан індет шығып, мал дәрігерлерінің айтуымен етке өткізген.
"Ауылда жұмыс жоқ малмен қарап отырмыз ғой. Киім-кешегі бар, соған бола ұстап отырмыз", - деді Құлшықай ауылының тұрғыны Назгүл Бекмұхамбетова.
"Ауылдан ауру мал көп шығып жатыр, бір үйден 3 бас, бір үйден 9 бас, бір үйден сауып отырған 4-5 сиыры бәрі кетіп жатыр. Халыққа қиын болып тұр, малға баға жоқ, ол малды үкімет әкететін кезде әкетеді, ертең мал ала аласындар ма, қалай күн көресіндер оны айтып жатқан жоқ", - деді Құлшықай ауылының тұрғыны Тоқтар Рахметов.
Шағын Құлшықай ауылындағы 346 бас ірі қараның 67 сінен бруцеллез анықталса , Байғожа ауылында небәрі 7-ақ үй. Солардың 12 бас сиырын індет шалды деп етке өткізді.
"Мынадай бұзаулар ауру сиырдан туа ма? Қараңыздар мінекей, қандай әп-әдемі бұзаулар. Қан алғанда зертханалар қателесіп жатыр ма, енді ауру мал мен сау малды айырамыз ғой ауылда тұрып жатырмыз ғой, бермеймін деп сен оған қарсы шыға алмайсын, мінекей солай бүкіл малдан айырылдық", - деді Байғожа ауылының тұрғыны Сәрсенбай Сәндібаев.
Агросарапшы Алмасбек Садырбаев та ірі қара арасында індетті анықтау шараларына күдіктенеді.
"Бұлар ішіндегі ең семізін, ең қондысын, ең күйлісін алады. Зар илетіп алады. 5-09 200 мыңның малын 45 мың теңгеге өткізеді. 45-50 мың теңгеге өткізген малды басқа нарыққа алып барып, қара ниетті ветеринарсолармен бірге жаңағы убойняның иесі пайдасын көріп жатыр", - деді агро сарапшы Алмасбек Садырбай.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекетов осындай қаралауды естігенбіз дейді. Қазіргі сандық технология бұған жол бермейді дегенді алға тартты.
"Ветеринарлық қызмет ет комбинаттарымен сыбайласқан деген секілді әңгімелер айтады оның бәрі қазақша айтқанда бос сөз. Ол мүмкін емес", - деді Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекетов.
Облыста жыл басынан бері 1149 ірі қарадан бруцеллез індеті анықталған. Соның 411-і Ресейдің Қорған облысымен көршілес Байғожа мен Құлшықай ауылдарына тиесілі. Бруцеллезге шалдыққан малға төлемақы қаралмаған. Қайта тапсырған ірі қара етінің құны бір миллион теңгеден асса 10 пайызын салыққа ұстап қалады.
"Бұл індет болған соң орысша айтқанда ТЖ қой, бізге қайта компенсация төлену керек. Осы отырған орын сол малдың арқасында тұрмыз. Биыл ол мал кеттеін болса біз көшіп кетсе ауылда мынау шекаралас жер россиямен ауылдардың бәрі құриды ғой. Өте қиын жағдай елге деген", - деді Құлшықай ауылының тұрғыны Марат Құсайынов.
Жол тауқыметін тартқан Қарақоға ауылдық округі тұрғындарының саны онсызда жыл сайын азайып барады. 2020 сыншы жылы 1143 адам тұрса, бүгінде 938 тұрғын қалды. Ауыл малдарын бруцеллезден тексеру шаралары әлі жалғасады. Мамандардың пікірінше, ветеринария саласына реформа енгізілмейінше елімізде мал шаруашылығы құлдырай бермек.