Былтыр 7 млрд теңге игерілмей қалды

1233

Биыл мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар аясында 6 млрд теңге бөлінді.  

Былтыр 7 млрд теңге игерілмей қалды

Соңғы 5 жылда Қызылорда облысының бюджеті екі есеге артты. Дегенмен былтыр 7 млрд. теңге игерілмей қалған. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мәлімдеді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысының айтуынша, бөлінген қаржының толық игерілмеуіне пандемия себеп болған. Сонымен қатар, кейбір тауар жеткізушілер мен мердігер компаниялардың жауапсыздығы да әсер еткен көрінеді. Өткен жылы облыста жұмыспен қамту аясында көптеген жобалар бастау алған еді. Соның арқасында өңір халқы жұмыспен қамтылып пандемия кезінде табыс табуға мүмкіндік алды. Бұл мақсатта бөлінген қаржының 95 пайызы игерілсе, үнемделген қаражат көлемі 1,2 млрд теңгені құраған.

"Жоспарланған кірістерді жергілікті атқарушы органдардың барлығы артығымен орындады. Ал өңірге бөлінген республикалық қаражат 99 пайызға игерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта кәсіпкерлікті дамыту үшін бірқатар шаралар қабылданды. Айталық шағын және орта бизнесті өңірде өрістету мақсатында 67 мемлекет иелігіндегі жылжымайтын мүліктер бойынша жалдау ақысын есептеу тоқтатылды", - деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова.

Сонымен қатар індеттен зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында да бірқатар жұмыстар жасалуда.

Биыл мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар аясында 6 млрд теңге бөлінді. Яғни, "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы шеңберінде 2,6 млрд теңге, "Еңбек" бағдарламасына 3 млрд теңге және өңірлік инвестициялық орталығына 300 млн теңге. Аталған бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің 1000-ға жуық жобасы қаржыландырылмақ. ШОБ-тың бүгінгі жағдайын бағамдаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов 500-ге жуық жоба несиелендірілгенін айтады.

"Аймақта шағын және орта бизнес өкілдірінің саны 54700-ді құрайды. Пандемия кезінде 74 пайызының кәсібі ішінара тоқтатылды. 10 мыңға жуық кәсіпкер зардап шекті. Бизнестерін қайта жандандыру үшін кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері берілді. Несие төлемдері кейінге қалдырылып, кредиттерді жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілді. Мемлекеттік бағдарламалардың несиелендіру шарттары оңтайландырылып, бюджеттен қаржы қарастырылды. Былтыр кәсіпкерлік саласындағы әртүрлі бағдарламалар аясында 20 млрд. теңге несие берілді. 500-ге жуық жоба несиелендірілді. Сондай-ақ, өткен жылы 252,8 млрд.теңгенің өнімі өндірілді", – деді басқарма басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу