Былтыр құны 5 миллиард теңгеден асатын акцизделетін өнімдер заңсыз әкелінген

537

Нәтижесінде Жамбыл облысында 6,5 миллион қорап темекі мен 174 мың вейп айналымнан алынды.  

Былтыр құны 5 миллиард теңгеден асатын акцизделетін өнімдер заңсыз әкелінген Фото: depositphotos.com

"Көлеңкелі" экономикамен күрес – аса маңызды мәселе. Себебі, жалған кәсіпкерлік тамырын тереңге жайып, экономикалық қылмыстар көбейсе, ел дамуы тежеледі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Көлеңкелі" экономиканың алдын алу мақсатында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаевтан сұрағанымызда талап пен тәртіп, бақылау күшейгенімен заңсыздықтар әлі де азаймай тұрғанын айтады.

"Көлеңкелі" экономикаға қарсы күрестің құрамдас бөлігі – акцизделетін (контрафактілі) өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес. Бұл құбылыс ел экономикасы мен кәсіпкерлерге орасан зор зиян келтіреді. Ең бастысы халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.

Сертификатталмаған өнімдердің көлеңкелі айналымы бойынша акциздер төленбейді, тауарлардың стандарттарға сәйкестігі тексерілмейді. Жерасты өнімдерінің заңсыз шығуына байланысты олардың бағасы ресми өндірілген өнімдерден әлдеқайда арзан болады. Нәтижесінде адал кәсіпкерлер мен өндірушілер үлкен шығынға ұшырайды. Сондықтан бөлім контрафактілік алкоголь мен темекі өнімдерінің көлеңкелі айналымымен белсенді түрде күресуде.

Мәселен, 2022 жылы департаментпен алкоголь өнімдерін шығаратын жерасты цехы анықталып, жойылды. Бұл цехта жалған тіркеу-бақылау маркалары бар 20 мыңнан астам бөтелке суррогат спирті анықталып, тәркіленді.

2022 жылы департаментпен контрафактілік брендтерді пайдалана отырып, алкогольдік өнімдерді заңсыз сату (тасымалдау) бойынша 4 қылмыстық іс тергелуде. Осы қылмыстық істер аясында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 99 642 бөтелке немесе 41 634 литр алкогольдік өнімдер, сондай-ақ көлемі 2 765 литр спирті бар сұйықтық тәркіленді", - деді Жағыпар Қожаахметұлы.

Суррогат спиртінің көлеңкелі айналымын жою бойынша департамент жұмысының оң нәтижесін алкоголь өнімінен улану статистикасы да дәлелдейді.

Мәселен, 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарына суррогат алкоголь өнімінен улану бойынша 93 адам, 2022 жылы – 22 адам, 2023 жылы – 36 адам жүгінген. Статистика мұндай фактілердің 2021 жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайғанын көрсетеді.

Сол секілді 2023 құны 5 миллиард теңгеден асатын акцизделетін өнімдерді заңсыз әкелу фактісі бойынша 23 қылмыстық іс тіркеліпті. Нәтижесінде 6,5 миллион қорап темекі мен 174 мың вейп айналымнан алынған.

2024 жылы акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қатысты 6 қылмыстық іс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу